Баласын аяусыз ұрған әйел не себепті мұндай әрекетке барғанын түсіндірді
Алматы облысында өз сәбиін аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты іспен полиция айналысып жатыр. Жұрттың жағасын ұстатқан көрініс әлеуметтік желі арқылы лезде тарап кетті,-деп жазды КТК арнасы.
Таспада ұялы телефонынан бас көтермеген келіншек жылап қоймаған сәбиін еденге атып ұрған. Бұл бейнероликтің кейіпкерлерін біздің тілшілер іздеп тапты. Қатты соққыдан нәрестенің денесі оңбай көгеріп қалған екен. Ал бар болған 7 айлық баласын ұрып өлтіре жаздаған келіншек бар кінәні өзімен бірге тұратын жігітке аударды.
Шырылдап қоймаған шақалақты еденге атып ұрған келіншек, міне осы әйел. 28 жастағы Марина Тюменцева көңілдесінің үйінде тұрады екен. Камераны көре сала алды артына қарамай қаша жөнелген ол ақыры баласын көрсетуге келісті.
«Балаға түк те болған жоқ. Сап-сау»,-дейді әйел.
Әйел бала аман дегенімен, қатты соққы алған сәбидің денесі оңбай көгеріп қалған. Шақалақ қана емес, тағы 5 жасар қызының да қатты шошынғаны көрініп тұр.
Таспада келіншек оған қол жұмсамаса да балағаттаған болатын. Өзіне маза бермеген бала-шағасына қатігездік танытқан әйелдің өзі енді жұрттан кешірім сұрап, ботадай боздап отыр.
«Мен қатемді түсіндім. Балаларымнан кешірім сұраймын.Енді қайталанбайды. Мен оларды жақсы көремін»,-деп жылай кетті екі баланың анасы.
Айтуынша, бірге тұратын жігіті мен оның анасы қосылып қыздары мен өзіне күн бермей жатқан көрінеді. Салдарынан, үйінде күнде төбелес екен. Басқа барар жері, басар тауы жоқ әйел ақыры ұрысқа шыдамай, өшін 7 айлық баладан алған.
«Күнде «кет» деп қуалайды да жатады. Ал менің баратын жерім жоқ. Өзім жетімдер үйінде өстім. Олардың қыспағына қыспағына шыдай алмай, қызымды байқамай ұрып жібердім»,-дейді Марина Тюменцева.
7 айлық Ираданың да, 5 жасар Таисияның да киерге киімдері жоқ. Тамағы бірде тоқ, бірде аш екен. Бүлдіршіндердің жақын арада тіпті далада қаңғып қалатын түрі бар. Өйткені бірге тұрып жатқан жігіт әрі жантүршігерлік бейнероликтің авторы көңілдесін кетсін деп отыр.
«Видеоға түсірген себебім, қызды алып кетсін дедім. Білмеймін, кім болса да ана қыздың маған керегі жоқ. Көзін құртсын! Осымен әңгіме бітті!»,-дейді әйелдің көңілдесі Константин Овсянников.
Ал баласын аяусыз соққыға жыққан 28 жастағы Марина Тюменцеваның ісімен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Жеті айлық сәбиін ұрып өлтіре жаздаған келіншек ашынасының мына үйінде тұрады. Бірақ мұны да баспана деп айту қиын. Өйткені, нысан құрылыс базасының қақ ортасында орналасқан.
Жұмысшылардың шаруашылық жайы екен. Ал жантүршігерлік видеоның жұртқа тарап кеткенін білген келіншек әркеті үшін кешірім сұрады және бала-шағасын бұдан былай төпелемеуге сөз берді.
Оқи отырыңыз:
Астанада 7 жасар қыз тоғызыншы қабаттан құлап кете жаздады
Астанада қымбат көлікті ұрлап кеткен бойжеткен жол апатына ұшырады
Шымкентте банктен 300 мың теңге алған әйелдің ақшасын тартып алып кетті
Алматы облысында арыққа құлап кеткен екі қыздың бірі көз жұмды