Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпшілік "баласы әкесінің әнін ешкімге айтқызбайды” деп жорып кетті: Біржан Хасанғалиев әнші Нұрболат Қанаймен болған дау жайлы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Біржан Хасанғалиев қазір білім саласында қызмет етіп, П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін басқарып жүр. Әкесі Ескендір Хасанғалиевпен бірге ән шырқап, тыңдарманның ықыласына бөленіп үлгерген ол қазір сахнадан көрінбей кетті. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында музыкант әкесіне арнап фильм түсіргісі келетінін және әнші Нұрболат Қанаймен болған мәселе қалай шешілгенін айтып берді. 

 

– Біржан аға, өзіңізді көргенімізге қуаныштымыз. Алғашқы сауалды өнер әлемінен бастайықшы. Соңғы кездері мүлдем сахнадан көрінбейсіз. Себебі неде?

– Мемлекеттік жұмыста қызмет еткеніме жеті жылдай уақыт болды. Бұл салада қызмет ету көп уақытты талап етеді. Таңертең келіп, кешке шығамыз. Үйге барған соң да ойымызда жұмыстың мәселелері жүреді. Мұндай кезде, шыны керек, шығармашылыққа аса уақыт болмай қалады. Шығармашылық жұмыстарымыз кейде екінші, ал кейде үшінші орында қалып қояды. Бірақ соған қарамастан демалыс күндері сүйікті аспапты қолға алып, әнге деген сағынышымды басамын. Кейде студияға барып жолдастарыммен ән жазып тұрамын. Толық тоқтап қалды деп айта алмаймын.

– Алайда өнер адамы сахнадан алыстаған кезде құлазу, сағыну сезімдеріне тап болатынын белгілі. Сізде сахнаны аңсап, күйзеліске түспейсіз бе?

Әрине, мен бала кезімнен сахнада өстім. Марқұм әкем екеуіміз қанша жыл бірге сахнада өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөлендік. Сондықтан сахна, көрермен қошеметі мені тартып тұратыны ақиқат. Дегенмен өзім жаңа белесті бағындыруға шешім қабылдадым. Үлкен күйзеліске тап болдым деп айта алмаймын. Іштей сағыныш болатыны рас.

– Әкеңізге деген сағыныштың күшеймесе, сөнбесі анық. Кейбір адамдар көзі тірісінде ата-ананың қадіріне жете алмай жатады. Сіздің айтар кеңесіңіз қандай болмақ?

– Әкенің көзі тірі кезінде қадіріне аса жете бермейміз ғой. Үнемі қасымызда болатындай сезімде өмір сүреміз. Марқұм әкем жанымда болған кезде де ерекше құрмет танытуға тырыстым. Әкем өмірден өткен соң да бұл құрмет 100 мәрте өсті. Ол кісінің шығармашылығын, жазылған мол әндері, романстары, жалпы мұрасын артынан қалған ұрпағы ретінде жалғастыру бұл менің нақты міндетім. Сондықтан да бір жылдан астам уақыт өтсе де, оның шығармашылығы тоқталған жоқ. Қазір, мысалы, Ескендір Хасанғалиев атындағы үлкен халықаралық опера әншілерінің байқауы өтіп жатыр.

– Ащы да болса шындық, қазақ аудиториясы опера тыңдамайды. Марқұм Ескендір ағаның өзін, әндерін сағынған көрерменге эстрадалық бағытта еске алу кешін ұйымдастыру жоспарда жоқ па?

– Алматы қаласында өзім қызмет ететін Алматы музыкалық колледжде, тағы бір керемет сахнада екі концертін өткіздік. Бірақ ол да романс жанрында болды. Неге бұл бағытты таңдадым? Өйткені әкемді көбіне халық патриоттық, лирикалық, эстрадалық әндерді жазған композитор, әнші ретінде таниды. Әрине, “Атамекен” ол ешқайда кетпейді, “Әдемі-ау” бар, “Ескірмеген махаббат”. Десе де әкемді басқа қырынан халыққа көрсеткім келеді. Мәселен, оның жазған хорлары, романстары, бұл өнердің басқа бір бағыты, басқа бір тармағы. Сол бір қырын, туындыларын халыққа көрсету менің мойнымда тұрған үлкен жұмысым және сол бағытта көп жұмыс істеп жатырмын.

– Ата-анаңыздың махаббаты көпшілікке үлгі екені ақиқат. Бұл ескірмейтін махаббат туралы фильм түсіру жоспарда жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, бұл ерекше үлкен жоба болар еді. Оған “Ескірмеген махаббат” немесе “Әдемі-ау” деп атап қоюға да болады. Дегенмен бұл болашақтың еншісінде деп ойлаймын. Бәлкім, осы сұхбатты көрген режиссерлердің тарапынан ұсыныс болып қалар, кім біледі?! Ескендір Хасанғалиевтің аты қазақ халқының жадында мәңгі қалады. Оның жеке өмірі бүкіл халыққа белгілі, соның ішінде анам екеуінің арасындағы махаббаты бір төбе. Сондықтан да мен болашақта біздің продюсерлер, Қазақфильм киностудиясы болсын осы тақырыпқа көңіл бөлетін шығар деп ойлаймын. Өз тарапымнан да соған бар күш жігерімді, көмегімді салуға дайынмын.

– Осыдан біраз уақыт бұрын анаңызбен сұхбаттасқанда марқұм отағасына деген сағынышын жасыра алмаған еді. Әлі де сағынатыны айтпаса да түсінікті ғой. Дарико анамыздың басты жұбанышы не?

– Әрине, өзінің махаббатынан, сыңарынан айрылу бұл әр адам үшін жүрекке бататын дүние ғой. Бірақ бір жыл өтіп кетті. Әлі де әкеме деген сағыныш күн сайын өршіп жатқаны анық. Ол менің әкем, ешқашан кетпейді, мәңгі жадында қалады. Алайда тірі адам тіршілігін жасау керек. Өйткені әкемнің артынан қалған ұлы бар, немерелері бар. Хасанғалиев фамилиясын жалғастыратын ұрпақтар бар. Анамның басты жұбанышы – немерелері.

– Нұрболат Қанаймен болған дауды да, оның оң шешімін де білеміз. Жалпы болашақта жастар Ескендір Хасанғалиевтің әнін орындау үшін сізден рұқсат алу керек пе негізі?

– Әрине, ол жалпы заңды тұрғыда міндетті түрде менен рұқсат алу керек. Нұрболат екеуміздің арамыздағы мәселе шешілді. Дегенмен оны жұрт дұрыс түсінбей қалды. Көпшілік: “Ескендір Хасанғалиевтің баласы әкесінің әнін ешкімге айтқызбайды” деп жорып кетті. Мәселе онда емес. Әрбір айтатын адамға менің қарсылығым жоқ. Бірақ  кейбір коммерциялық тұрғыдан келген сұрақ болатын. Яғни әкемнің шығармашылығы, біреу соны пайдаланып, ақша тауып жатыр. Ал мен мұрагері ретінде немесе менің отбасым оған ешқандай қатысы жоқ болып қалады. Бұл заңды түрде де дұрыс емес. Ал егер әкемнің әніне тағы бір дем беріп орындаймын, байқауларға қатысамын десе, қарсылығым жоқ.

– Яғни сізден сатып алу керек пе?

– Мен сатып алсын деп тұрған жоқпын. Адам сияқты бір ауыз ескертіп, рұқсатын сұраса, қуана-қуана келісемін.

– “Бозторғай” әнін басқа форматта шығарды. Сізге қаншалықты ұнады?

Маған ұнады. Қазіргі заманға сай жасады. Әрине, кейбір жерлерінде құрылымы жағынан қателіктер бар. Оны мен Нұрболатқа ескерттім. Ол бәрін түсінді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау