Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы педофилден қалай қорғауға болады: Ата-аналарға кеңес

Елімізде күнделікті балаларға, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетілді деген жантүршігерлік жаңалықтар шығып тұрады. Сондықтан ата-аналар балаларын қорғау мақсатында оларға GPS жүйесі бар нешетүрлі смартфондар, гаджеттер мен құрғыларды беріп қояды. Алайда мұның бәрі өз-өзіңді алдаумен тең, себебі баланы смартфон қаскүнемнен құтқарып қала алмайды. Балаларын бәле-жаладан, қауіп-қатерден сақтап қалғысы келетін ата-ана не істеу керек, неге назар аударуы керек? Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі анықтап көрді. 

Атырауда бүлдіршінді зорлады деп күдіктелген педофил ұсталды

Психологтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері- ата-аналарға баласын қылмыскерден қалай қорғауға болатындығы туралы және қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайлы бірқатар кеңестер береді.

Егер балаңызды далаға ойнауға жалғыз жіберсеңіз, оған терезеден қарап қойыңыз, егер уақытыңыз болмай жатса, басқа ата-аналармен бірлесіп, ойнауға шыққан балаларға қарап қою үшін кезекшілік ұйымдастырыңыз.

Егер ойын алаңында, өзін біртүрлі ұстайтын бейтаныс адамды жиі байқасаңыз, полиция қызметкерін шақыртқаныңыз абзал, өйткені ол балаларды сыртынан бақылап жүрген адам болуы әбден мүмкін.

Балаңыз өзіне бірдеңе ұсынып, қасына жақындап, сөйлескен адам жайлы айтса, балаңызға бейтаныс адаммен сөйлесуге болмайтынын және ондай адам жақындаса дереу анасын немесе басқа ересек адамды шақыру керектігін жиі айту керек. Бала бұл нәрсені жиі естіген сайын, осындай жағдай орын алғанда, қалай әрекет ету керектігін білетін болады.

Баланы алдау үшін педофилдер қасына әйел адам немесе өзге баланы алып жүруі мүмкін. Себебі, бүлдіршіндер өзі сияқты баланы немесе әйел адамды көргенде ешқандай қауіп сезбей, педофилдің арбауына сеніп, еріп кетуі мүмкін. 

Балаңыздың атын сөмкеге немесе оның киіміне жазбаңыз, себебі педофил баланың атын атап, оның танысы ретінде, ата-анасын танитын жақын адам ретінде өзін таныстыруы мүмкін. Ал бала өзін танитын адамға сөзсіз сеніп, көп жағдайда қылмыскердің құрбаны болып жатады. 

Қазақ тәрбиесінде үлкенге құрмет көрсету, оның айтқанын тыңдап, қалағанын жасау жақсы бала болудың басты шарты болып саналады және біз өз балаларымызды сол ұстаным бойынша тәрбиелейміз. Сондықтан көптеген балалар педофилді ересек адам деп қабылдап, оның айтқанын істеп, жетегінде кетіп жатады, тіпті жылдар бойы қорлық көріп жүрсе де, жәбірлеушінің сөзін екі етпей орындап жүрген жағдайлар өте көп. Осы тұста ата-ана балаға бейтаныс адамдардың немесе таныс адамдардың ол үшін ыңғайсыздық тудыратын өтініштер жасалса, оны орындауға міндетті емес екендігін және ата-анасына айту керектігін жадында сақтауы тиіс.

Балаға ересек адам немесе достары бір нәрсені көрсетемін немесе ойнау үшін бір жерге бару туралы өтініштерінен үзілді-кесілді бас тартуы керек екендігін есіне салып тұру керек.

Көп жағдайда педофил баланың намысына тиіп: "Мен сені үлкен бала екен деп ойласам, ал сен әлі күнге дейін анаңнан рұқсат сұрап жүрсің" деп, манипуляция жасау арқылы алдап жатады. Бұл жағдайда бала міндетті түрде үйге барып, ата-анасын ескертіп, рұқсатын алғаннан кейін ғана басқа жаққа бара алатындығын түсіндіру керек.

Балаңыздың жанына бейтаныс көлік тоқтаған жағдайда ол мүмкіндігінше одан алыстап кетуі керек. Егер жүргізуші көліктен түсіп, балаға қарай беттесе, мүмкіндігінше тезірек қашып, алғашқы аулаға кіріп, ересек адамдарды шақыруы тиіс. 

Пәтерден шықпас бұрын бала есіктің қарау тесігі арқылы кіреберісті қарап, ешкім жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Егер бөтен адамның тұрғанын байқаса, оның шығып кетуін күтуі керек.
Егер үйде ересектер болмаса, ешқандай жағдайда бала бейтаныс адамдарға есік ашпауы тиіс, тіпті егер олар өзін полиция қызметкерлері, коммуналдық қызметкер немесе пошта қызметкерімін деп таныстырса да.

Балаңыздан көшеде онымен сөйлескен бейтаныс адамдар туралы айтуды сұраңыз. Балаңыздың көшеде не болғандығы туралы әңгімелерін мұқият тыңдап, зер салсаңыз, қайғылы жағдайдың алдын алып, балаңызды қорғап қала аласыз.

Қауіпсіздік ережелерін ата-аналар баланың жасын ескере отырып ойластыруы керек және ол оңай есте сақталуы тиіс. Ата-аналар бұл ережелерді мезгіл-мезгілімен қайталап, баланың есінде сақталып қалуына септігін тигізуі керек. Сонымен қатар, іс жүзінде бұл ержелерді көрсеткен жөн.

 

Дайындаған: Сабина НҰРҒАЛИ

Талқылау