Баландиннің анасы: Ұлымның жеңісіне әлі сене алар емеспін
Кеше Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы өтіп жатқан Олимпиада ойындарында екінші алтынды ойламаған жерден жүзуші Дмитрий Баландин жеңіп алды.
Бұл туралы Қазақпарат жазды.
Бүгін Риодағы Қазақстанның баспасөз орталығында өткен басқосуда Дмитрийдің анасы Татьяна Баландинаны жолықтырып, ұлының жеңісімен құттықтап, журналистер сұхбат алды.
– Балаңыз чемпион болғанда қандай сезім-күйде болдыңыз?
– Білмеймін! Ештеме есімде жоқ. Қазірде өз-өзіме сене алар емеспін. Кейде түсім бе, өңім бе деп өзіме-өзім күбірлеймін іштей.
– Жарыстың басы-қасында болдыңыз ба?
– Иә! Жанымды шүберекке түйіп отырдым. Жүрегім ауызыма тығылды. Мәреге жеткенше орнымнан неше тұрып, неше отырдым.
– Мәреге бірінші болып жеткендегі көңіл- күйіңіз?
– Қатты толқып тұрмын. Не айтарымды да білмеймін. Қуаныштан болар басқа бір әлемде қалқып тұрғандаймын.
– Осында балаңызбен бірге келдіңіз бе, әлде кейін келдіңіз бе?
– Кейін келдім. Жол бойы балама сәттілік тілеумен, осы ұлым Қазақстанның туын желбіретсе екен деп тіледім. Тілегім қабыл болды.
– Ұлыңыз Олимпиадаға аттанарда “Мен сөзсіз жеңіске жетемін. Артымнан келіңіз” деп уәде берді ме?
– Уәде берген жоқ, бірақ “Мама, мен тек жеңіс үшін бара жатырмын” деп жай ғана күлімсіреп бетімнен сүйді. Мен де “Айтқаның келсін” деп аналық ақ батамды беріп аттандырып салдым. Айтқаны келді. Медаль алды. Жай медаль емес, Олимпиаданың алтын медалін алды.
– Енді не арманыңыз бар?
– Аман-есен елге жету. Бұл ұлым мен менің ғана қуанышым емес, халықтың қуанышы, Қазақстанның қуанышы. Сондықтан бапкерлеріне, қазақ еліне, жанкүйерлеріне алғыс айтамын.
– Әңгімеңізге рахмет! қуаныштарыңыз ұзағынан болсын….