"Балаңды атып кеттім деп қуанып айтты": Талғарда кісі қолынан қаза тапқан ер адамның жақындары оқиғаның мән-жайын баяндады
Фото: Видеодан скрин
Талғарда тал түсте кісі қолынан қаза тапқан Ернар Тұрғанбектің әйелі күдіктінің суық хабарды қалай жеткізгенін және өздерін қарумен қорқытқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жаспа хабарлайды.
Адам өлтіріп, екі жастағы қызды кепілге алған күдікті бұған дейін де істі болған. Бұған дейін ол қыздың анасын зорлап, бірнеше ай қысым көрсетіп келген. Жәбірленушілердің айтуынша, осыған байланысты олар полицияға арыз жазған. Алайда полиция ешқандай шара қабылдамай, күдіктіні бостандыққа жібере салған. Қанды қылмыс осының салдарынан болған.
Ернар Тұрғанбек сол күні әйелімен базарға бармақ болған. Жолға шықпас бұрын досымен дүкенге кетеді. Бірақ сол кеткеннен оралмаған. Қылмыс марқұм дүкеннен қайтып келе жатқан жолда болған. Оларды жол ортасында бөгде 3 адам тоқтатқан. Соның бірі мылтық алып шығып, сөзге келместен марқұмның жүрек тұсынан 2 рет атқан. 30 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Жәбірленушілердің сөзінше, күдікті бұдан кейін екі сыбайласын ертіп, марқұмның үйіне кірген.
“Ернардың анасы мен мені қорқытып, пышақ тақап, қару кезенді. Сол сәтті суретке түсіріп алдық. Адамның қолында екі қол болса, олардың қолында екі-екі пышақтан болды. “102-ге хабарласатын болсаңдар, атып өлтіре саламын. Мен сенің балаңды атып кеттім, көрдің бе” деді бізге. Хабарын қуанышпен жеткізіп тұрды”, – дейді марқұмның әйелі.
26 жастағы күдікті бұған дейін марқұмның қарындасымен таныс болған. Екеуі бір мектепте оқыпты. Жарты жылдай жақын араласқан. Күдікті негізі көлік жөндейді, бірақ жәбірленушілердің айтуынша, ол алаяқтықпен де айналысқан. Марқұмның қарындасын өзінің жымысқы әрекеттеріне тартыпты, бірақ келіспеген соң қысым мен зорлық көрсеткен. Осылайша ол бір ай жәбірленушілерді қорқытып, сол күні де үйге марқұмның қарындасын іздеп келген.
“Анасына шолақ мылтық тақаған да “Сізді өлтірмей-ақ қояйын, Аружанды тауып беріңіздер” деген. Аружан жаңағы жәбірленуші. Аружан сол кезде осы жақтағы бір көрші ауырып жатқан екен, соған система салуға барған. Медбике ғой. Сол кезде қызды ұйықтап жатқан жерінен алып кетеді. 2 жастағы қызды алып, полицияға хабарлайтын болсаңдар өлтіремін деп кетіп қалады”, – дейді марқұмның туысы Гаухар Сарыева.
Марқұмның қарындасын таппаған соң күдікті оның 2 жастағы қызын кепілге алып, тауға қарай қашқан. Сол сәтте полиция іздеуге кіріседі. Күдіктінің орналасқан жерін дронмен табады. Бірақ адам атып қана қоймай, бала ұрлаған ол қызбен бірге көлікпен жардан тастап жіберген. Алайда ағашқа тіреліп, қаршадай қыз екеуі тірі қалады. Бала құтқарылып, күдікті қолға түсті. Қалған екеуі де қамауға алынды. Жәбірленушілердің айтуынша, оқиға салдарынан қаршадай қыз тілін кесіп алып, оған ота жасалды. Қазір ол ауруханада. Бүгінде қылмысқа және кезінде шарасыз отырған Талғар ауданының полициясына қатысты қылмыстық із қозғалды.
Айта кетейік, Талғарда ер адамға оқ атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен еді. Кейіннен бүлдіршін аман-есен табылып, күдікті қолға түскен. Сотталушы қамауға алынып, оның қылмыс үшін қолданған қаруы тәркіленді. Ал өзі қамауға алынды.

Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?
