Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламды мүгедек қылайын ба": Шымкенттік аналар 21 мыңды берудегі заңсыздықтарды айтуға жиналды

Шымкентте көпбалалы аналар тағы жиналды. Жәрдемақы сұраған көпбалалы аналар 21 мыңды кешіктіріп отырған мамандардың әрекетін заңсыз деп отыр.

Шымкенттік аналар 21 мыңды берудегі заңсыздықтарды айту үшін тағы бас қосты

Себебі табыс көзі аз, заң шеңберінде жәрдемақы алуға мүмкіндік бола тұра жәрдемақыны кешіктіріп отырған жұмыспен қамту орталығының мамандары өзгеше талап қойып отыр дейді. Мүгедек жанға жұмысқа шық немесе алты баласы барларға сіздің мүгедек  балаңыз жоқ деуі тіпті шектен шыққандық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

"Бүгін соңғы қалған кеспені пісіріп бердім балаларыма. Оны жасырмаймын", - деді ашынған ананың бірі.

Шымкенттік аналар жұмыспен қамту орталығында шу көтеріп, 21 мыңға қатысты мәселелерін жаңа министрге үндеу ретінде жолдады. 

"Мүгедек балаңыз бар ма дейді. Мен 6 баламның бірін мүгедек қылып әкелейін бе? Жаңа министр тағайындалыпты. Енді бізге көмегі болатын шығар деп ойлаймыз", - дейді Ұлмас Жаппарова. 

Көпбалалылардың енді бірі мектеп жасындағыларға киім ала алмай отырғанын айтты. 

Сондықтан жәрдемақыға шын мұқтажбыз деп отыр. 

"5 айдан бері 21 мың теңгені түсірген жоқ. Бізді адам көріп жүрген жоқ па?", - деді Зарина Дильжариева. 

Билік жәрдемақы талабының күшейгенін айтты. Билік 7600 отбасыға тиісті жәрдемақы берілген дейді. Оның 271-і толық тоқтап, қаржы кері қайтарылған. Шартты жәрдемақы алушылар келісімге қол қойса да, жұмысқа шығуға ерінеді деп отыр. 

"Бізде 18 бен зейнет жасы аралығындағы азаматтарды жұмысқа жібереміз. Алайда азаматтар жұмыс істемей, қарап жатып ақша алғысы келеді. Ондай азаматтармен күресеміз", - дейді Қаратау аудандық әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Қонарбай Амангелді. 

Билік жәрдемақы алушылардың құжаты қыркүйек айына дейін тексерілетінін айтады. Сондықтан аналардың бала киімі үшін ақшаны ерте беруі заңсыз. Оның үстіне жәрдемақы балалардың киімі үшін арналмаған деп отыр.

Талқылау