Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламның орысша сөйлей бастауы себеп болды": Қызылордалық психолог қазақша мультфильм құрастырып жүр

Қызылордалық Сымбат Әбдірахманова кішкентай бүлдіршіндерге арнап қазақ тілінде мультфильмдер жасайды. Маман туындылардың сценарийін өзі жазып, суреттерін де өзі салады. Ал мультфильмді дыбыстауға күйеуі мен достары көмектеседі. Бүгінде сан түрлі тақырыптағы анимациялық фильмдерді кішкентай көрермендер ерекше ықыласпен көріп жүр. Тіпті қызылордалық ұстаздар туындыларды оқу процесінде қолдануға үйренген.  Биылғы жылы 10 бөлімнен тұратын "Дүниетану" әдістемелік құралы жарық көрген. Бұл туралы Сымбат Әбдірахманова Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

сымбат

– Қайырлы күн, Сымбат. Қазақша мультфильм әзірлеу идеясы қашан және қалай пайда болды?  

– Қайырлы күн. Тұрмыс құрып, балалы болдым. Күйбең тіршіліктің кесірінен, жұмысбастылықтың салдарынан балаларыма көп уақыт бөлуге мүмкіндігім бола бермейтін. Өзім білім саласында қызмет жасайтын кезім. Ұлым мен қызым үнемі теледидардан орыс тіліндегі туындыларды көріп отыратын. Бірте-бірте баламның тілі орысша шығып, орысша ойлайтынын байқай бастадым. Дәл осы кезде дабыл қағып, шұғыл әрекет жасау керек екенін түсіндім. Өйткені мұндай проблема тек менің отбасымда ғана емес, көпшілікті алаңдататыны белгілі. Күйеуіме қазақша мультфильм жасау туралы ойымды айтқан болатынмын. Ол мені қолдай кетті. Кейін жұмыс процесіне достарымыз бен әріптестеріміз де араласты. Балаларға бағытталған жақсы дүниелер әкелу қажет екенін ұғындық. Мультипликациялық өнімнің сценарийін өзім жазамын. Жанымдағы кісілер суретін салып, дыбыстауға жәрдемдеседі. Арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен сапалы туынды жасап жатырмын. Бүгінде 30-ға жуық мультфильміміз бар. Барлығы қолжетімді, арнайы YouTube каналымызда жарияланған.

– Мультфильмдердің тақырыбы қандай? Сіз жасайтын туындылардың ерекшелігі неде?

 Мультфильмдердің тақырыбы сан түрлі. Баланың психологиясына жақын, тез қабылдайтын тақырыптар туралы туындылар әзірлейміз. Достық, туған жер, ана, білім тақырыбында әзірленген өнімдер бар. Сонымен қатар, Қызылорданың тарихы жайлы мультфильм жасаған болатынбыз. Бұл туынды осыдан бірнеше жыл бұрын, шаһарымыздың 200 жылдығы қарсаңында жарық көрді. Мұнан бөлек, өңіріміздегі аудандардың тарихы мен ерекшеліктері туралы сыр шертетін мультфильмдеріміз бар. Бұл өнімдер көрерменнің жан-жақты білімін толықтыруға, балалардың зейінін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Бүгінде біздің өнімдерімізді ұстаздар қауымы кеңінен пайдаланып жүр. Кішкентай болса да, білім саласының дамуына септігімізді тигізіп жүрміз. Айта кету керек, біздің мультфильмдер сөйлеуінде кемістік бар балаларға өте керек. Бейнеролик барысында  дұрыс сөйлеуге үйрететін түрлі жаттығулар бар.  Көрермен мультфильм кейіпкерімен бірге түрлі техникаларды жасай алады. Дефектолог мамандар біздің әдіс-тәсілімізді қолдап отыр.

– Сымбат, мультфильм түсіру қаншалықты қымбат? Шығындарыңызды кім өтейді?

– Әрине, мультфильмді жасап шығару үлкен еңбек. Ең бірінші кезекте уақытын кетеді. Алайда мен өз туындым үшін ешкімнен қаржы сұраған емеспін. Мемлекеттік тапсырыс та алған жоқпын. Мұғалімдерге де тегін береміз. Бұл біздің балаларымыздың болашағы үшін жасалынып жатқан қамқорлық. Кез келген адам туындыларымызды өз ыңғайына қарай пайдалана алады.

– Қазақша мультфильм жасаудың арқасында "Қазақстанның 100 жаңа есімі" тізіміне қосылдыңыз. Бұл жетістік өміріңізге қалай әсер етті?

– Расымен, бұл жоба менің өмірімді айтарлықтай өзгерткені рас. Менің мамандығым – психолог. Жасөспірімдердің арасында суицидтің алдын алу бағытында еңбек етіп келе жатырмын. Осы жеңістен кейін маған көптеген ұсыныстар түсті. Республика көлемінде танымалдылығымның артқаны рас. Жауапкершіліктің салмағы да ауырлады. Жаңа әрі қызықты жобалармен жұмыс жасауға мүмкіндік алдым. Шетелдерге барып, өзге әріптестеріммен тәжірибе алмастым. Ең басты арманым – жеке психолог кабинетін аштым. Қазір жеке консультациялар жүргіземін. Өзім жасаған мультфильмдердің бала психологиясына әсері туралы зерттеу жасап жатырмын.

– Жеке консультацияға кімдер көптеп келеді? Жасөспірімдерді қандай мәселелер алаңдатады?

– Жеке психолог кабинетіме келіп жатқан адамдар өте көп. Үлкен кісілер де бар, жас жеткіншектер де бар. Көбіне жасөспірімдерді өз-өзіне сенімсіздік мәселесі толғандырады. Отбасындағы жағдай, ата-анасымен қарым-қатынасын реттеу қиындық тудырып жатады. Консультация барысында бала кездегі психологиялық соққыны табуға тырысамыз. Себебі дәл осы кезде адам өте сезімтал болады.

– Сіздің парсы тілің жетік білетініңізді білеміз. Бірнеше жыл Иран Республикасының елшілігінде де жұмыс жасадыңыз. Қазіргі уақытта парсы тіліне сұраныс бар ма?

– Әрине, парсы тіліне сұраныс бар. Бүгінде ағылшын тілін меңгерген мамандар көп, ал парсы тілінде сөйлейтіндер аз. Әлі күнге дейін аудармалар жасаймын. Қызметіме жүгінушілер көп. Үнемі білімімді толықтырып, жетілдіріп отыруға тырысамын.

– Сымбат ханым, сұхбатыңызға рахмет!


Қазақстанда тілдер күні мерекесін қашан және не үшін тойлайды

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Тамыз, 2021 09:00
Талқылау