Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам өлтіріп, аузына салады": Астанада тұрғын үйді тарақан мен тышқан жайлады

Елордадағы көпқабатты үйдің тұрғындары тарақан және тышқандармен алысып әлек. Тұрғындардың айтуынша, жәндіктердің жайылуына тұрғын үйдің дәл астындағы наубайхана себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сіілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан кадр

Көпқабатты үйдің тұрғындары билік басындағыларға да шағымдарын жеткізген. Алайда олар тұрғындардың наразылығын назардан тыс қалдырған. 

Тұрғындар пәтерінің бұрыш-бұрышын жайлаған жәндіктердің кесірінен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Тіпті бір пәтердің иесі тарақан қаптап кеткендіктен біраз дүниесін лақтырып тастауға мәжбүр болған. 

“Бір жарым жасар балам тарақанды өлтіріп, аузына салады. Өлтіріп, аузына салғанын екі рет өз көзіммен көрдім. Түнде ұйықтауға да қорқасың. Тарақандар үстімізде жүргендей болады”, – дейді тұрғын Гүлмира Маншарипова.

Тұрғындардың айтуынша, жертөледе орналасқан наубайханада тазалық сақтамағандықтан бүкіл үйді тышқан мен тарақан қаптаған. Наубайхананың жұмыс істеп жатқанына бірнеше жыл болған. Ондағылар өнеркәсіптік ауқымда тек самса пісіріп, қала бойынша тасымалдайды. Наубайханадағы нан қоқымдарына жиналған тарқандар мен тышқандар бүкіл тұрғын үйді жайлап алды. 

“Кеше ғана мысық тышқан ұстап алды. Наубайханадағылар түнде ғана жұмыс істейді. Бұл самса түсімізге кіретін болды. Үйдегі жиһаз бен киімге самсаның иісі сіңіп кеткен. Төтенше жағдайлар департаментіне қанша рет жүгіндік, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет те мораторийге сілтеп тексерген жоқ”, – дейді тұрғындардың бірі. 

Мүлік иелері бірлестігінің басшысы да жетөледегі наубайхананың есігін қаққанымен, жабық болып шықты. Алайда ол ештеңеге қарамастан істі аяғына дейін жеткізетінін айтты.

“Ол жердің майланып кеткені сонша саңырауқұлақ өсіп, қоқыс пен кірден аяқ алып жүре алмайсың. Онда кәріз ағыны мен құдық бар, бірақ бітеліп қалған. Тағы бір байқағаным, газ баллоны бар екен”, – дейді мүлік иелері бірлестігінің басшысы Ділдә Нисанбаева.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті наубайхананың заңсыз жұмыс істейтінінен хабардар. Бірақ мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпорынның атауы мен деректемелерін анықтамайынша, оны тексеруге болмайтынын айтқан. 

Талқылау