Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам 100 пайыз кінәлі емес": Алматыда сот жасөспірімнің өліміне қатысты істі қайта тергеуге жіберді

Алматыда жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық істі сот қайта тергеуге жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

18 жастағы Арсен Мәжитке төбелес кезінде қатарласын пышақтап өлтірді деген айып тағылған. Алайда күдіктінің адвокаты қылмыс қаруының жоқтығын, қорғауындағы азаматтың жазықсыз айыпталып жатқанын дәлелдеудің арқасында прокурор таққан айыбын қайтарып, өзге кінәлі күдіктілерді анықтау үшін судья істі қайта тергеуге жіберді.

Күдіктінің жақындары қылмысқа қатысы барын айғақтайтын нақты дәлел болмаса да, жазықсыз жаза арқалай ма деп алаңдаған. Сотта оқиға орнында табылған пышақта ешқандай қан ізі анықталмағаны дәлелденді дейді адвокаты. Сондай-ақ жаппай төбелесте өзге жігіттердің куәгер ретінде танылып, тек Арсенге айып тағылуы қорғаушы тараптың сұрағын туғызды. Кінәлінің өзге адам екенін айтқан куәгердің аудиожазбасы да атыушыл істі қайта тергеуге жіберуге түрткі болған.

“Қылмыс жасаған қару әлі табылмады. Сонда қалайша оған негізсіз айып тағады? Үш сарапта жасалды. Пышақты сүртіп, тазалағанның өзінде ДНК ізі қалады деген қорытындысын айтты. Нақты дәлелсіз қалайша адамды соттауға болады? Жауапқа тартылған куәгерлердің ешқайсысы нақты менің қорғауымдағы жігіттің өлтіргенін көрдік деп айтпады”, – деді адвокат Әлібек Секеров.

Күдіктінің ата-анасы да ұлдарының кінәлі екеніне сенбейтіндерін жеткізді. 

“Ешқандай дәлел жоқ. Қанша куәгерлер алып келді, шақырды. Бұл жерде менің балам тыққанын көрдік, мүмкін осы бала деген әңгіме жоқ. Еш дәлелдері жоқ. Балам 100 пайыз кінәлі емес. Топтасып төбелестен менің балам ғана қамалып жатыр. Әділдік керек!” – дейді күдіктінің әкесі Әнуарбек Иманбеков. 

Талқылау