"Балалық шақтағыдай": Желіде ұстазын шанамен үйіне дейін жеткізген оқушылардың видеосы тарады
Фото: Желі кадрларынан
Желіде оқушылардың мұғалімдерін шанамен сүйреп жүрген әсерлі видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақкөл ауылындағы бастауыш сынып мұғалімі Бибінұр Жақсылықова Instagram парақшасында оқушыларының өзін шанамен үйіне дейін апарып салуды ұсынған видеосын жариялады. Мұғалімнің "ұят емес пе?" деген сұрағына олар "жоқ" деп жауап берген.
"Маған осындай қамқор, мейірімді оқушылар бұйырғанына шүкір. Менің сүйікті әрі ақылды оқушыларым", – деп жазды Бибінұр Жақсылықова.
Жол бойы мұғалім мен оқушылар күліп, бір-біріне көмектесіп отырады. Педагогтың айтуынша, бұл сәт балалық шақтағыдай көңілді өткен. Жарияланымға ол Тоқтар Серіковтің "Балалық шақ" атты қазақша әнін қосқан. Мұғалім оқушыларға бала күнге бір сәтке қайта оралып, ұмытылмас әсер алғаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар олар бірге естелік суретке түскен.
Қамқорлық пен құрметтің осындай шағын ғана көрінісі көпшіліктің ықыласына бөленді. Видео 51 мыңнан астам лайк пен 4500-ден аса пікір жинады.
“Балалардың көңілін қалдырмай, қамқорлығын қабылдағаныңыз қандай керемет”, “Неткен әдемі көрініс! Қиын өмір бұл балаларды сындырмасын, әрдайым осындай мейірімді болып өссін”, “Өскенде сізді қымбат көліктерімен де қыдыртады әлі”, “Қанша рет көргенімді білмеймін. Мұғалім де, балалар да сондай бақытты”, “Қандай керемет уақыт өткізгенсіздер. Балалар күшін де, махаббатын да, көңілін де аямаған”, – деп жазды желі қолданушылары,
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты