"Балаларыммен аулада жүрмін": Экс-министр Жақсылықов өзінің қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Фото: gov.kz, tengrinews.kz скрин
Әлеуметтік желіде бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қамауға алынды деген ақпарат тарады. Алайда кейінірек бұл мәліметті экс-министрдің өзі жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
10 маусым күні бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қамауға алынды деген ақпарат тарады.
“Руслан Жақсылықов Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеп-тексеру шеңберіндегі басқа ақпарат жария етілмейді”, – делінген желіде тараған алғашқы ақпаратта.
Желіде тараған ақпаратты Tengrinews.kz сайты Руслан Жақсылықовтың өзіне видеоқоңырау арқылы хабарласып, сұрастырған. Онда экс-министр қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.
"Бос сөз. Біріншіден, ресми ақпарат көздеріне сену керек. Мен демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берді. Үш жарым жылдан бері демалысқа шыққан жоқпын. Білесіз бе, қызмет осыны талап етеді", – деді Жақсылықов.
Министрдің айтуынша, ол әйелі және балаларымен бірге Астанадағы үйінде, аулаға батут орнатып жатыр. Жақсылықов құқық қорғау органдарына хабарласуға ниетті екенін де айтты.
“Ар-намысым мен абыройыма нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандардың үстінен құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін", – деді экс-министр.
Айта кетейік, бұған дейін 8 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Руслан Жасқылықовты қорғаныс министрі лауазымынан босатқан еді.

Оралдықтар көпқабатты үйдің ауласында Құрбан айт тойлаған: Олар енді айыппұл арқалай ма
