"Балаларымыздың келешегі үшін келдік": Түрікменстандық қазақтар елге оралды
Павлодар облысына Түрікменстандағы ағайынның екінші легі келіп жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
50-ге жуық азамат енді облыстағы елді мекендерге қоныстанады. Қазір құжаттарды рәсімдеу, жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынған.
Биыл аймаққа бас-аяғы 800-ден астам адам көшіп келмек. Олардың басым бөлігі Түрікменстаннан қоныс аударады. Этникалық қазақтардың көші-қоны пандемия салдарынан кейінгіге шегерілген еді. Екі жыл бұрын тарихи Отандарына оралуға жүздеген азамат ниет білдірген.
Қазақ жеріне алғашқылардың бірі болып жеткендердің қатарында Үсеновтер отбасы бар.
“Балалар үшін, балалардың келешегі үшін. Балаларымыз өссін, енді елемізге барайық. Балаларға керек. Соған келіп жатырмыз көшіп”, – дейді қоныс аударушы Ақсырға Үсенова.
Ендігі мақсат – оларды тұрғын үймен қамтып, екі қолға бір күрек табуға көмектесу. Өңірде қандастарды қолдау бойынша арнайы карта әзірленген. Жоба аясында қоныс аударушыларға жүзден астам елді мекен белгіленіп, бір мыңнан астам жұмыс орны қарастырылған.
“Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде төлем қарастырылған. Отбасында бес адам болса, бірреттік төлем 2 млн теңгеден асады. Көшіп келген әр отбасы аудан немесе қаланы таңдау мүмкіндігіне ие. Жұмыс жағына қарай қалаған елді мекендеріне көшеді”, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлар бөлімінің басшысы Альмира Дисюпова.
- Түркіменстаннан көшіп келген қандастарды үкімет қайтадан елден шығарып жібермек
- "13 жастағы қызына тәліптердің көзі түсуде": Ауғанстандағы қазақтар өтініштерін жеткізді
Түрікменстаннан қоныс аударғандардың басым бөлігі жұмысшы және техникалық мамандық иелері. Қазіргі уақытта азаматтарды жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынды.
“Бұл кісілер "қандас" мәртебесін алған жоқ әлі. Әлі диаспора. Сондықтан ең бірінші Қазақстанда жеке сәйкестендіру номерін алады, одан "қандас" мәртебесін алады. Түрікменстанда тұрғанда Қазақстан Республикасының елшілігінен С10 деген виза алғандықтан, тек Павлодар облысында ғана тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алып, бейімделуі тиісті”, – дейді "Отандастар қоры" облыстық филиалының басшысы Болат Зауыт.
Айта кетейік, Қазақстанға жыл басынан бері Ресей, Моңғолия, Өзбекстаннан 216 адам көшіп келген. Мамандардың айтуынша, қандастар Қазақстан азаматтығын алғаннан соң бір облыста кем дегенде бес жыл тұрып, бейімделуі тиіс. Шарт орындалмаса, депортацияға ұшырайды.