Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларымызды шешіндіріп тексерген: ҰБТ-ға қатыса алмаған оқушылардың ата-аналары министрлік әрекеттеріне наразы

Биыл мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ талаптары өзгеріп, шарттары қиындай түскен еді. Алғашқы күннен бастап жүзден аса оқушы ережені бұзғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Одан бері аудиторияға кірмей, мекеме табалдырығынан өтпей кері қайтарылған оқушылар саны артпаса кемімей тұр. Алматы қаласының тұрғыны Расылбек Бектеміров тестілеу күні әділетсіздіктер орын алып, ұлының аудиторияға кірмей қалғанын айтады. Stan.kz тілшісі оқиғаның шын мәнісінде қалай болғанын сұрап білді. 

ҰБТ

Алматы қаласының тумасы Расылбек Бектеміров - бес баланың әкесі. Биыл екінші ұлы - Нұрдаулет Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепті үздік бағаға бітірген. Арманы асқақ, үлкен өмірге қадам жасағалы жатқан оқушы ҰБТ тапсыратын күні мекеме табалдырығындағы тексерістен өтпеген. Оған себеп оқушы үстінен табылған бір жапырақ қағаз. 

"Тестті Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде тапсыратыны белгілі болды. Тестілеу күні уақытынан бұрын ертерек бардық. Сағат сегізден бастап аудиторияға тексеріп кіргізе бастады. Ұлымның кезегі келіп кіріп еді, бес минутан кейін қайтіп шығып келе жатыр. Бір затын ұмытып кеткен шығар деп ойладым. Сөйтсем балам "мені кіргізбей шығарып жіберді" деді. Неге десем, "менен тыйым салынған зат тауып алды, сол үшін бір параққа қол қойдырғызып, мені шығарды" деп тұр. Не қағаз деп сұрасам, "білмеймін сасқалақтағаннан қолымды қойдым" деді. Менің балам қол қойсам заттарымды тастап, ары қарай аудиторияға кіремін деп ойлап қалыпты. Сөйтсе олар акт толтырып, оннан аса баланы ғимараттан бірге шығарып жіберген. Бірінші тексеріс пунктінде киімдерін шешіп, жейделерінің түймесін ағытып тексерген. Аудиторияға кірмеген. Біздің балаларымызды кірер есіктің алдында неге шешіндіреді? Неге түймелерін ағытады, неге жейделерін көтергізеді? Егер азаматтық оқушы болып, тексергенде шиқылдаса, костюмінің алдын ағытып көрсетер еді. Ал бұл оқушылар әскери киіммен келген соң, түймесіне дейін темір шиқылдайтын зат көп. Соны көздері көріп тұрып неге олай тексереді?",  - деген әке ұлының құқығы тапталғанын айтады. Кәмілетке толмаған балаларды шешіндіріп тексеруге ешкімнің құқығы жоқ екенін алға тартады. 

"Арыз-шағымды жан-жаққа жаздық, әлі хабар жоқ. Бірде бір құзырлы орган арызды не жазу керегін, не жазбау керегін айтып жатқан жоқ. Қанша күн өтті, жауапсыз. Тестілеуден кейінгі күні аппеляциялық комиссияның төрағасына бардық. Сіздердің қызметкерлеріңіз баламызды шешіндіріпті, міне арыз, заң бойынша жауап беріңіздер, десем, қабылдамады. Мұндағылар арызды Нұр-Сұлтанға жазыңдар дейді, ал олар Алматы бұл мәселені шешеді деп екі ортада бізді сандалтып қойды", - дейді Бектеміров. 

Ұлының болашағын ойлап, сарсаң болған әке заң барлығына ортақ болғанын, ешкімді алаламағанын қалайды.

"Ең қызығы, екінші күні тексеріс кезінде тыйым салынған зат табылса да комиссия "көрмеген". Тыйым салынған заттарды алып қалып, кіргізе берген. Бізде осындай ақпараттар жеткілікті. Неге заң бәріне бірдей емес? Біз осыған налимыз. Тіпті, тестілеу өтетін сол мекеменің күзетшілері оқушыларды шешіндіріп тексеріп жатқан жоқ деп айтып отыр. Сол күні біз шу шығарғаннан бастап, ертесінен өздерінің кінәларын мойындап, ешқандай оқушыны шешіндіріп тексерген жоқ. Мақұл, тыйым салынған затты тапқан екен, неге ата-анасын, біздерді, шақыртып көрсетпейді. Қандай тыйым салынған зат алдыңыздар десем, көрсете алмады. Ұлымның үстінен қағаз тауып алған. Тексерушілердің айтуы бойынша шпаргалка екен", - деген ол талап-ережені барлығына бірдей қолданбаған комиссия мүшелері заң бойынша тиісті жазасын алсын деп отыр. Ұлының мектепті үздік бітіргенін, ешқандай көмекші құралсыз-ақ өзі тапсырып шыға алатынын айтқан Расылбек мырза екінші рет кіруге мүмкіндік беруін құзырлы органдардан сұрайды.

"Балаларымыз аудитория ішінде тыйым салынған затты пайдаланып жатып ұсталып қалса, үндемес едік. Өзіміздің кінәміз деп бұрылып кетер едік. Әлі кірмей жатқан балаларды анықтап бес минутта шығарып жібере салыпты. Тауып алған заты бір жапырақ қағаз, оны да шпор екені рас болса, көрсетіңдер десем, көрсетпейді. Мейлі тексеріс кезінде телефон тауып алса екен үндемес едік", - деген әкенің ендігі тілегі ұлының тестілеуге кіруге екінші рет мүмкіндік алуы.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау