Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыз да егіз болса екен дейміз": Егіз қыздарға үйленген ағайынды егіздер бір шаңырақ астында тұрып жатыр

Ағайынды Асан мен Үсен Әлия мен Әсия есімді егіз қыздармен отау құрып, бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Егіз жігіттер де, егіз қыздар да бала күнінен бір отбасына келін болуды армандаған. Ал Асан мен Үсен 5 жыл іздеп егіз қыздарды әрең таптық дейді. 

Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарамасында айтылды.

Асан мен Үсен есімді егіздер 24 жаста. 7 ай бұрын егіз қыздарға үйленіп, қазір бірге тұрып жатыр. Екеуі де бала күнінен егіз қыздарға үйленуді армандаған. Ақыры тауып, тату-тәтті тұрып жатыр.

"Ата-анамыз да егіз қыздарды алып беремін деп жиі айтатын. Өзіміз де егіз қыздар алсақ, бірге тұрамыз. Бауыр боламыз деп ойладық. Біз бажамыз немесе абысынбыз деп қарамаймыз. Керісінше бауырмыз, әпке-сіңліміз деп қараймыз. Сондықтан бауырмалдық арта береді. Балаларымыздың да егіз болғанын қалаймыз. Себебі, бауырмалдығымыз артып, үлкен әулетке айналсақ деп ойлаймын", - деді Асан. 

Егіздердің бірі желі арқылы танысып, кейін сыңарларымен таныстырған екен. 

Гүлвира Индира есімді егіз бойжеткендер желіде белсенді. Өз оқырманы бар. Олар да үнемі бірге жүргенді қалайды. 

Егіздердің психологиясы әдетте жасөспірім шақтан кейін қалыптасады. 

Психолог маманның айтуынша, жасөспірім шақта біз неге бірдейміз деп ренжісетін егіздер кейін бір-бірінсіз жүре алмайтын күйге түседі. 

"Егіздердің бірі пысық, бірі жуастау болатыны жиі айтылады. Бірақ бәрінде бірдей емес. Кей егіздер бір-бірін толықтырып тұрады. Мәселен, бірі пысық болса, басқа уақытта жуастық танытып, екіншісі пысық болып кетуі мүмкін. Көңіл-күйге байланысты өзгеруі мүмкін", - деді Жанаргүл Тұрманова. 

Елімізде Маңғыстау мен Қызылода өңірін егіздер көп тұратын ауыл бар. Алайда мұның сыры әлі ашылған жоқ. Бірі мұны киелі мекен десе, енді бірі тұқым қуалаушылық деп атайды. 

Ал мамандардың сөзінше, егіздердің тұқым қуалауы дәлелденген. Дегенмен тұқымда жоқ болса да, егіз бала өмірге келуі қалыпты жайт. 

"Қазір бала көтере алмай жүрген ерлі-зайыптылар, әсіресе, ұзақ уақыт бала сүймегендер жасанды ұрықтандыруға сүйенеді. Олар бірден егіз, үшем, төртемді өмірге әкелсем дейді. Бірақ біз оған кеңес бермейміз. Егізді, үшемді өмірге әкелу үшін денсаулығыңыз жақсы болу керек. Егіз екі есе, үшем үш есе ауыр әсер етеді. Сондықтан бір баланы сау өмірге әкелуге кеңес береміз. Егер Алла бұйырып, егіз болып жатса оған еш қарсылығымыз жоқ", - деді дәрігер Әйгерім Дүйсенбаева. 

Талқылау