Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыз тоңып, ауырып жатыр": Шымкенттік аналар әкімдікте шу шығарды

Шымкент әкімдігінің алдында тағы да шу шықты. Бұл жолы бір топ ана қала әкімі Мұрат Әйтеновтен коммуналдық мәселелерді шешіп беруді талап етті. "Балаларымызбен суық үйде отырмыз" деген әйелдер көмір мен отын берілгенін қалайды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімдік табалдырығында тұрып, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап еткен әйелдердің айтары көп. Көпбалалы, жалғызбасты аналар жанайқайларын қала басшының өзіне жеткізбекке бекінген. Олар әкім шықпаса әкімдік ғимаратына қонуға да дайын екендерін жеткізді.

"Мұрат Дүйсенбекұлы отынның жоқтығынан бала-шағамызбен суық үйде қалған біздің мәселемізбен айналыссын", - дейді жиналғандар.

"Алты бала-шағам бар, жалғызбасты анамын. Өткенде келіп, жазылып кеткенбіз көмір, отынға деп. Оған ешқандай көмек берілген жоқ. Әр үш ай сайын, әрбір кварталда бір рет сіздермен кездесіп тұрамын деп уәдесін берген әкім мырза. Уәдесін орындамай жатыр әлі", - деді көпбалалы ана Мадина Кемпірекова.

"5 бала-шағам бар, үйде жылу жоқ. Екі баламмен кеше ауруханадан шыққанмын. Үйім суық, қатып қалып жатырмыз", - деді көпбалалы ана Элмира Авалбекова.

Жиналғандар әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Кейбір көпбалалы отбасылар балаларына мектепте тегін тамақ беруді сұраса, басқалары баспана, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейтуді талап етті.

Әкімдікте айтылған ұсыныс-өтініштерді әртүрлі мамандандырылған бөлімдердің шенеуніктері тыңдады. Сол жерде олар жағдайды түсіндіруге де тырысты. Бірақ кейбір шенеуніктердің жауабы тұрғындарды қанағаттындырмады. Аналар әкіммен де кездесе алмады. Дегенмен әйелдердің өтініштері шенеуніктердің арнайы жиналысында қаралды.

Талқылау