"Балаларымыз адамдық қасиетті сақтап, адамгершілікті жоғары қойса дейміз": Түркістандық көпбалалы ана бала тәрбиесіндегі құпиясын бөлісті
Отбасы — адам өміріндегі ең маңызды және мәнді институт. Отбасылық құндылықтар – бұл біздің өміріміздің негізі, әлеуметтік және мәдени құрылымымыздың маңызды бөлігі. Оны түсіну мен қабылдау әр адамның тәрбиесіне, мәдениетіне және өмірлік тәжірибесіне байланысты. Осылай деген түркістандық 8 баланың анасы Жамила Момбекова өзі және отбасы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Фото: Жамила Момбекованың жеке дерекқорынан
Бос уақытымда құрақ көрпе тігіп, тоқымамен айналысамын
Жамила Момбекова жолдасы Назимов Әнуархан екеуі 8 бала-шаға тәрбиелеп отыр. Балаларының алды студент болса, кенжесі балабақшаға барады екен.
“Үлкен ұлым 2004 жылы туған Әбдіханов Мұхамедәлі Көкшетауда студент. Қызым Асылзат 2006 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда Павлодарда студент. Үйдің үшіншісі Әбдуәлі 2007 жылы туған, педагогикалық колледжде “Қолөнер” мамандығында оқиды. Ал төртіншім, Әлихан Яссы колледжінде студент. Ол 2009 жылы дүниеге келген. Одан кейінгі қызым 2011 жылғы, А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейде 7 сынып оқиды. Алтыншысы, ұлым 2013 жылы туған. Ол да мектеп-лицейде 5 сыныпта білім алады. Одан кейінгі, жетінші балам 2017 жылы туған. Ол "Парасат" бастауыш-мектебінде 2 сыныпта оқиды. Кенжем 2019 жылғы, балабақшаға барады”, – дейді Момбекова.
Сондай-ақ ол бұрыннан тігіншілікпен айналысатынын айтты. Сөзінше, бос уақытында көйлек, көрпе тігеді екен.
“Таңертең ерте оянып, студенттерді оқу орнына, оқушыларымызды мектепке жіберіп, өзім жұмысқа кетемін. Кенжемді балабақшаға жолдасым апарады. Негізі бала тәрбиесіне маған қарағанда жолдасым көп көңіл бөледі. Мен таңнан қара кешке дейін жұмыста болған соң аса уақытым бола бермейді. Ал бос уақытым бола қалса тігіншілікпен айналысамын. Бұрыннан басты хоббиым өзі. Құрақ көрпе, киім-кешек тігемін, тоқыма тоқимын. Бұрын бұған көп уақыт бөлетінмін. Қазір жұмыста болған соң уақыт бола бермейді”, – дейді ол.
Фото: Жамила Момбекованың жеке дерекқорынан
Отбасылық құндылығымыз – адам болып қалыптасу
Сондай-ақ Момбекова балаларын адалдыққа, өтірік айтпауға, ұрлықпен айналыспауға тәрбиелейтінін айтты.
“Ұл-қыздарымды бірінші адалдыққа, ешкімнің ала жібін аттамауға, өтірік айтпауға және ұрлықпен айналыспауға тәрбиелеймін. Үнемі білім алыңдар, заман оқығандікі деп ескертіп отырамын. Балаларымның білім алуына көп уақытымды бөлемін. Отбасылық құндылығымыз өмірде адам болып қалыптасу. Абай атамыз "сен де бір кірпіш жүниеге, кетігін тап та бар қалан" деп айтып кеткен ғой. Біздің жанұяның басты құндылығы сол”, – дейді ол.
Жамила Момбекова балаларының өмірде орнын тауып, өздері таңдаған салада жоғары жетістікке жеткенін қалайтынын жеткізді.
“Бала-шағамыз бастысы адамдық қасиетті сақтап, адамгершілікті жоғары қойса дейміз. Жаман қылықтан аулақ болуға баулимыз. Ұл-қыздарым аман болса, біз де аман-сау жүреміз. Жалпы, ата-ананың бірінші міндеті үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін, өзгелерге көмек қолын созуға дайын бала тәрбиелеу. Біздің жанұямыз үшін басты құндылық бір-бірімізге қамқор әрі бауырмал болу. Сонымен қатар, бала тәрбиелеуде отбасылық дәстүрлер мен мәдениет те маңызды рөл атқарады. Отбасында қабылданған дәстүрлер — балаларға мәдениетімізді, тарихымызды, отбасылық құндылықтарды үйретуге көмектеседі. Дәстүрлер арқылы біз өткенімізді ұмытпай, болашаққа жол ашамыз”, – дейді көпбалалы ана.
Фото: Жамила Момбекованың жеке дерекқорынан
Сонымен бірге көпбалалы ана әр баласының өз қызығушылығы барын айтып өтті.
“Ата-ана балаларым жаман болсын демейді. Болашақта бай әулеттің тұтқасы, елге танымал әулеттің анасы боламын деп ойлаймын. Балаларым көп нәрсеге құштар. Үлкен алам тарихты, саяхатты ұнатады. Ал қызым тіл меңгеруге бейім. Үшінші ұлым зергерлік бұйымдарды жасаса, одан кейінгі балам жануарларды емдегенді ұнатады. Қызым өзім секілді тоқыма тоқу мен тігіншілікпен айналысқанды ұнатады. Одан кейінгім футболға үйір. 2 сынып оқитын балам математик. Қазірдің өзінде 3-4 сыныптардың есебін шығарып жүр”, – дейді Момбекова.
Сонымен қатар көпбалалы ана ай сайын мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілетінін айтты. 2018 жылы "Алтын алқа" иегері атаныпты. Оның да көмегі бар дейді ол.
Сондай-ақ көпбалалы ана отбасылық құндылықтардың тағы бір аспектісі — жауапкершілік екенін айтты.
“Әрбір отбасы мүшесі өз міндеттерін, отбасына деген жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бұл жауапкершілік тұрмыстық шаруалардан бастап, балалардың тәрбиесіне дейін созылады. Отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп, жауапкершілікті бөліссе, отбасы берік болады”, – дейді ол.
"Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді": Қазақстандық кәсіпкердің жаңа салық реформасының кесірінен бизнесі шығынға батқан