Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2000 баланың тағдыры қыл үстінде": Алматы облысында ата-аналар апатты жағдайдағы мектептің бір сәтте опырылып түсетінін айтты

Іле ауданы Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы №20 орта мектеп қираудың аз-ақ алдында тұр. Қабырғалары жарылып, едені опырылғалы тұрған мектепте 2000 жуық оқушы білім алады. Ата-ана балалары мектептен аман-есен оралғанын күтіп, жанын шүберекке түйіп отыратын күнге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Ата-аналардың айтуынша, мектеп қолданысқа берілгеннен кейін бір жылдан соң ғимарат қабырғасы жарыла бастады. Жер сілкінісінен кейін жарықшалар ұлғая түскен. Сондай-ақ 3-қабат жерасты дүмпуі болмаса да өздігінен қозғалатын көрінеді. Егер балалар қатты қимылдап, жүгіретін болса қабырға құлап кетуі мүмкін. Яғни қабырға мен бағана бір-бірінен ажырап кеткен. Ата-аналар мектепті түгелдей сүріп, орнына жаңа мектеп салу керек деп санайды. Өйткені ғимаратқа күрделі құрылыс жұмыстары да көмектеспейтін көрінеді. 

Мектеп басшылары балалардың мойнына жеке деректері жазылған бейдж пен ысқырық тағуларын міндеттеген. Онсыз да мазасы қашқан ата-аналар балаларын үйінді астынан іздейміз бе деп қорқады. 

Үш баланың анасы Мадина Кібірханова апаттық жағдайда тұрған мектепте екі баласын оқытып отыр. 

“1 сәуірден бастап балаларды қашықтықтан оқуға жіберді. Не себепті екені белгісіз. Бірақ ауыл әкімі мен директордың айтуынша, мектепті апаттық жағдайда емес деп таныған. Мұны растайтын құжат жоқ. Мектеп 2013 жылы бой көтерді. Біздің талап-арызымыз – мектепке тәуелсіз сарапшылар келіп, ғимаратқа қатысты нақты қорытынды шығарып беру. Балаларымызды мектепке еш қорқынышсыз жібергіміз келеді”, – дейді ата-ана. 

Ғимарат 3 қабат, 4 блоктан тұрады. 900 оқушыға арналып салынған мектепте 1920 оқушы білім алады, 207 мұғалім жұмыс істейді. 

№20 орта мектептің жартылай жертөлесін де су басып қалған. Су толы жертөленің ішінен ыстық бу шығатын көрінеді. 

Мектеп ғимаратының қазіргі жағдайы туралы Қазақ құрылыс, сәулет, ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі директоры Ералы Шоқпаров пікір білдірді.

“Байқағаным бұл қаңқалы мектеп. Яғни, бағана мен арқалығы бар. Көріп тұрған жарықшақтар ғимараттың отырып жатқанын білдіреді. Ол –  қаңқаның арасындағы кірпіш немесе газоблокта пайда болған жарықшақтар. Егер жер сілкінісінің ғимаратқа әсері болса жүк көтеретін конструкцияларда да жарықшақтар пайда болады. Жертөледегі судың қайдан келгенін білу керек. Оны судан тазарту керек. Ол кәріз не жылу желісінен аққан су болса мектептегі жұмысшыларды жұмылдыру керек. Егер кәріз, жылу желісінен ақпаған болса арнайы мамандарды шақырған жөн. Біз ғимаратқа тәуелсіз сарапшы ретінде тексеру жүргізу үшін мектеп директоры, білім бөлімінің басқармасы арыз жазу керек”, – дейді ол. 

Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасарының айтуынша, жартылай жертөледегі су жаңбыр су. Ғимарат шатырында суағар жоқ. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сымбат Әскербекова ғимараттың қазіргі жағдайына байланысты Іле ауданы білім басқармасына сұраныс хат жібергенін айтады. Бүгінде білім бөлімі жіберетін сарапшыларды күтіп отырған көрінеді. 

Осы орайда Іле ауданы білім басқармасының экс-басшысы Ләззат Қаткееваның даулы ісі еске түседі. Ол 680 миллион теңге қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген еді. Алайда Ләззат Қаткееваның күйеуі де, әріптестері де оның мұндай іске бармайтынын айтып, істің әділ тексерілуін талап етіп отыр. 

Іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Махаббат Ишанғалиева №20 орта мектептің апатты жағдайда тұрғанына қатысты пікір білдірді.

“6-10 наурыз күндері құзырлы органдардан тұратын комиссия мүшелерінің қатысуымен визуалды көзбен шолу жасалды. Мектепке барғанда блоктарда жарықшалар барын анықтады. Олар сараптама жүргізу керектігін айтты. Соның нәтижесіне сәйкес мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы шешімге келді. Бүгін мектепке құрылыс компаниясының мамандары келді. Олар кабинеттер мен жертөлені қарап кетті. Сол сараптаманың қорытындысын күтудеміз”, – дейді маман. 

Мектеп директоры Мейрамгүл Бекбатырқызы айтуынша, мектепке облыстық білім басқармасынан, аудандық білім бөлімінен облыстық төтенше жағдайлар департаментінен, аудан әкімшілігінен мамандар келіп, тексеріп кеткен. Әзірше олар мектепті апаттық жағдайда деп айта алмайтынын жеткізді. 

Ералы Шоқпаров қандай сараптама болмасын тегін жасалмайтынын айтады. 3 қабат, 4 блоктан тұратын апатты жағдайдағы мектепті тексеру үшін сараптамаға тапсырыс беруші, яғни аудандық білім бөлімі шамамен 3-4 миллион теңге қаражат бөлу керек. 

Бағдарлама соңында Іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Махаббат Ишанғалиева Қазақ құрылыс, сәулет, ғылыми-зерттеу және жобалау институты сараптама жүргізу үшін сұраныс жолдайтынын айтып, уәде берді. 

Талқылау