Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымның қалауына құрметпен қараймын": Түркістан облысында көпбалалы ана бала тәрбиесінде неге мән беру керегін айтты

Еліміз отбасылық құндылықтарды сақтауға және дамытуға ерекше назар аударады. Осы тұста Түркістан облысының да алар орны ерекше. Себебі өңірде көпбалалы отбасылардың үлесі басым. Солардың бірі – жеті бала тәрбиелеп отырған 32 жастағы ана Жанар Нұрлыбаеваның отбасы. Көпбалалы ана бала тәрбиелеудегі құпиясын бөлісіп, отбасылық құндылықтары туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: gorod-ust-labinsk.ru

Балалардың болашағы үшін инвестиция жасау керек

Жанар Нұрлыбаева жолдасы Айбол Құлманов екеуі 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Айтуынша, тұңғыштары 12 жаста, кенжесі 2 жаста. Бесеуі мектепке, екі кенже қызы балабақшаға барады. 

"Өзімнің жасым 32-де. Ал жолдасым 37 жаста. Биыл "Алтын алқа" иегері атандым. Қазіргі уақытта жолдасым екеуміз 7 бала тәрбиелеп отырмыз. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Сол кісілердің көмегінің арқасында жұмысқа шығып жүрміз. Егіз үлкен қыздарым Інжу мен Маржан болашақта мұғалім боламыз дейді. Одан кейінгі ұлым Аңсар таэквондодан жүлдегер. Дарынды бала-жастар орталығынан финалға ілінген. Арсен есімді ұлым да спортқа жақын, футболды жаны сүйеді. Кәусар есімді қызым зейінді, кітап оқығанды, есеп шығарғанды, үйірмелерді жақсы көреді. Екі ұлымның ер мінезді, нағыз жігіт болып өскенін қалаймын. Ал қыздарым инабатты, ибалы, көркем мінезді болса деймін", – дейді көпбалалы ана.

Көпбалалы ана қазіргі уақытта Түркістан қаласында мемлекет берген үйде тұрады екен. Сондай-ақ әкімшілікте қоғамдық жұмыс істеймін, дейді. 

"Әкімшілікте қоғамдық жұмыс істеймін. Осы балаларымыз қатарынан қалмай білім алсын деп жұмыс істеп жатырмыз. Әрқайсының қызығушылығы бар, қалаулары бар соның бәрін орындауға тырысамыз. Олардың болашағы үшін инвестиция жасаған жөн", – дейді көпбалалы ана. 

Отбасымызбен тойлайтын айрықша мерекеміз бар

Жанар Нұрлыбаева балаларды біліммен ғана емес, өмірлік дағдылармен, жақсы қасиеттермен тәрбиелеу жолында айтарлықтай тәжірибе керегін айтты.

"Балаларыма әрқашан махаббатымды төгіп, қамқорлық танытуға тырысамын. Әрқайсысының бойында өз ерекшеліктері бар. Сондықтан әр баланың мінезін түсініп, онымен жеке жұмыс жасауға үлкен мән беремін. Бала тәрбиесінде ең бастысы – ата-ананың өзара бір-бірін түсіне алуы мен ауызбіршілікте болуы. Үйде әрдайым тыныштық пен келісім болуы қажет, деп ойлаймын. Әсіресе, балаларымыздың болашақта өз орнын тауып, танымал тұлға болуы біздің жауапкершілігіміздегі дүние", – дейді ол.

Сондай-ақ көпбалалы ана балаларымен бірге ерекше атап өтетін отбасылық күн туралы сөз қозғады. Оның сөзінше, олар үшін айрықша мереке – отау құрған күндері. 

"Жыл сайын бір күнді маңызды мереке ретінде атап өтеміз. Ол жолдасымыз екеуіміздің отау құрған күніміз. Сондай-ақ әр баламыздың туған күні біз үшін айрықша мереке. Ол күн ерекше өтуі керек. Бұл күндерді отбасымызбен бірге өткізіп, атап өтуге тырысамыз. Балаларымыз осы арқылы ауызбіршілікті, бірлікті түсініп, бауырмалдықты сезінеді. Осы күні олармен жақынырақ сөйлесіп, сырласуға мүмкіндік аламыз. Олар да ата-ананың махаббатын алып, ерекше қамқорлықты сезінеді", – дейді Жанар Нұрлыбаева.

Бауырмал болу. Қол ұшын созу. Ауызбіршілік таныту

Сондай-ақ ол отбасылық құндылық тақырыбына ерекше тоқталып, бұл дүниені балаларына түсіндіруге тырысатынын жеткізді. 

"Балаларым әрдайым бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетеді. Бұл үйдің берекесін арттырады. Біздің отбасылық құндылығымыз: "Бауырмал болу. Қол ұшын созу. Ауызбіршілік таныту". Осы үш қағида алға жылжып, болашағымызды жарқын түрде елестетуге мүмкіндік береді. Қандай жағдай болсын, бір-бірімізге көмектесіп, жақындай түсуімізге көмекші болады", – дейді ана.

Сондай-ақ көпбалалы ана отбасылық құндылықтарды бекітіп қана қоймай, оны сақтау жолдарын да атап өтті. 

  • Құрмет пен сүйіспеншілік. Отбасында ең маңыздысы – бір-біріне құрмет көрсету мен сүйіспеншілікті сақтап қалу. Бұл екі құндылық әрбір мүшенің пікіріне, сезіміне және қажеттілігіне құрметпен қарап, отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі. Ол әсіресе, ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады;
  • Қарым-қатынас. Әр отбасы мүшесі өз сезімін білдіріп, ойын ашық айта алуы керек. Ата-ана баламен арада түсінбеушілік болмас үшін онымен жиі сөйлесіп, оның сырын бөлісе алуы керек. Ашық әрі шынайы қарым-қатынас отбасы мүшелерінің арасындағы байланыс пен сенімділікті күшейтеді;
  • Бірлікті сақтау. Отбасында бірліктің болуы – отбасы мүшелерінің ортақ мақсаттар мен құндылықтарға ұмтылуын қамтамасыз етеді. Әсіресе, қиын жағдайлар мен сын-қатерлер кезінде бір-біріне қолдау көрсету және бірігу маңызды. Бірлік пен ынтымақтастық – отбасының рухани және әлеуметтік әл-ауқатының негізі;
  • Отбасылық дәстүрлер мен мерекелер. Бұл құндылықтар отбасы мүшелерін біріктіруге, олардың арасындағы байланыстарды нығайтуға көмектеседі. Әр отбасының өзіндік дәстүрлері болуы мүмкін. Оларды сақтау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өтуін қамтамасыз ету өте маңызды. Отбасылық мерекелерде бірге уақыт өткізу, балаларға түрлі дәстүрлерді үйрету – отбасы мүшелерінің рухани байлығын арттырады; 
  • Жауапкершілік. Әрбір отбасы мүшесі өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауы керек. Ата-ана балаларды тәрбиелеуде үлгі болып, үй шаруашылығында өз міндеттерін бөлісіп атқарса, балалар да осы жауапкершілікті сезініп өседі. Бұл отбасының тұрақтылығы мен дамуына септігін тигізеді;
  • Мейірімділік пен қолдау. Отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау білдіруі өте маңызды. Әркімнің жеке қажеттіліктеріне, армандары мен мақсатына түсіністікпен қарап, жәрдем беру арқылы отбасы мүшелері өзара сенім мен мейірімділік қалыптастырады;
  • Әрбір адамның жеке кеңістігі болуы тиіс. Отбасы мүшелері арасында қарым-қатынас жақсы болуы үшін әркімнің жеке кеңістігі мен уақытын құрметтеу керек. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер үшін өте маңызды. Олар өздерінің ойы мен сезімін бөлісуге және жеке тұлға ретінде өсуге мүмкіндік алуы тиіс.

Балаларымның қызығушылығына қолдау білдіремін

Оның айтуынша, әр бала – жеке тұлға, сол себепті оларды тәрбиелеуде түрлі әдіс-тәсіл қажет.

“Балаларымның әрқайсын жеке тұлға деп танып, әрбірімен сөйлесу тәсілім бар. Сондай-ақ олардың қызығушылықтарын қолдап, әрқайсысының қабілеттерін дамытуды маңызды міндетім деп санаймын. Мысалы, балаларымның спортқа, музыкаға, сурет өнеріне деген қызығушылығын ескере отырып, оларға арнайы сабақтар мен үйірмелерге қатысуға мүмкіндік жасауға тырысамын. Себебі бұл оның тұлға болып қалануына жәрдемдесері сөзсіз”, – дейді ана.

Сондай-ақ ол әр баласына қызығушылықтарына қарай көңіл бөлетінін жеткізді.

“Спортпен айналысатын баламды арнайы жаттығуларға қатыстыруға жағдай жасаймын. Ал би мен музыкаға қызығатын қыздарымды пианино мен би үйірмесіне жаздым. Әрқайсысының өз жолы болуы керек. Мен олардың қалауына құрметпен қараймын. Баланың болашағы үшін инвестиция құю орынды", – дейді көпбалалы ана.

Көпбалалы ана балалардың қалауын орындап, болашағына жол сілтеп, санасып, ақыл кеңесін тыңдаған жөн деп есептейді. 

Түркістан облысындағы бұл отбасының бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарға деген көзқарасы өзгелерге үлгі боларлықтай. Бала тәрбиелеудің қыр-сырын меңгерген ана балаларын махаббат, сыйластық, бірлік пен жауапкершілікке баулиды. Болашақта олардың өзіне сенімді, қоғамға пайдалы азамат болатынына сенім білдіреді. 

Оның сөзінше, отбасы – бұл тек биологиялық байланыс қана емес, рухани құндылықтар мен адами қатынастардың көрінісі. Отбасындағы бақыт пен үйлесімділік әрбір мүшенің жүрегінде махаббат пен құрметтің болуына байланысты.

Отбасы – адам өміріндегі ең үлкен байлық. Оның тыныштығы мен тұрақтылығы әр отбасы үшін маңызды. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтап, оның әр мүшесіне деген жауапкершілік сезімін арттыру қажет.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 10 Желтоқсан, 2024 14:00
Талқылау