"Іші ыстық, 5 сағат күттіріп қойды": Қырғызстандық блогер Қазақстандағы өткізу бекетін сынға алды (видео)
Фото: ann_barvenko-ның желідегі парақшасынан
Блогер ann_barvenko Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарадан өту кезінде екі рет адам төзгісіз жағдайға тап болды. Бірінде балалармен бірге тар, ауа кірмейтін дәлізде сағаттап тұруға мәжбүр болса, екіншісінде паспорт бақылау бекетінде жүйе істемей қалып, бірнеше сағат бойы сусыз, орындықсыз, дәретханасыз күткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қырғызстандық блогердің сөзінше, келеңсіз жағдай Қазақстанда сапар кезінде басталған.
"Қазақ шекарасында бізді тар, ауа кірмейтін, тюктер мен сөмкелерге толы дәлізде бір сағаттай ұстап тұрды. Алға да жүре алмайсың, артқа да қайта алмайсың. Ешкімді өткізбейді. Іші тым ыстық, әсіресе балалармен қиын болды", – деді әйел.
Әйел кейінірек Египеттен Алматы арқылы Бішкекке қайтып келе жатқанда, Қазақстан жағындағы шекара бақылау бекетінде тағы да оқыс жағдай қайталанған.
"Төлқұжат тексерілетін бөлмеге енді кіргенімізде, дәл көз алдымызда темір есік сарт етіп жабылды. Жүйе істемей тұр деп хабарландыру жасалды. Болды. Еш түсініктеме жоқ, ешқандай көмек жоқ. "5 сағаттай күту керек" деді. Іші адамға лық толы, балалар жылап жатыр. Су жоқ, дәретхана жоқ, отыратын орын жоқ. Сыртқа шығу да мүмкін болмады, өйткені сыртта да тығыз кезек жиналып қалған. Бір қарияның жағдайы нашарлап кетті. Қарияға өзіміз орындық тауып бердік. Бірақ ешкім көмектеспеді. Ал мұндай жағдайда шекарашылар адамдарды қолмен тіркеуге тиіс еді. Бірақ ешкімнің шаруасы болған жоқ", – деп түсіндірді қырғызстандық блогер.
Блогердің айтуынша, мұндай жағдайлар шекараның Кордай учаскесінде жиі кездеседі.
"Бағың бар болса жылдам өтесің, жоқ болса сағаттап тұрасың. Бұл қалайша қалыпты нәрсеге айналып кетті? Неліктен біз көрші елге, көрші қалаға барып қайту үшін қорқуымыз керек? Бұл қалыпты нәрсе болмауға тиіс", – деді әйел.
Сонымен қатар блогер басқа жолаушыларда да дәл осындай қайталанды ма деп сұрады. Кейбір қолданушылар қазақ жағындағы шекара қызметкерлері жұмысын біреуге "жақсылық" жасап жатқандай істейтінін айтып шағымданған.
"Мұнда үнемі солай, ондаған жылдан бері ештеңе өзгермейді. Қырғыздар жағында бәрі жақсы, еш қиындықсыз өтесің, қызметкерлері өте сыпайы", "Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, иә, біз жақта жиі кезек болады", "Бізде Қырғызстанмен визасыз режим бар және үнемі адам көп. Есіңізде болсын, бұл бөтен мемлекет, оңай кіріп-шығып жүре беретін есік емес", "Бұл әйгілі дәліз ғой, мен де осындай жағдайға тап болдым. Паспорттық бақылауда маған төлқұжатымды лақтырып жіберді, шок болдым", – деп оқырмандар жазды.
Осы ретте көлік министрлігінен неліктен Қазақстан шекарасында келеңсіз жағдайлар жиі қайталанатынын сұрадық.
"Қырғызстан Республикасымен шекарадағы "Қордай" өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстары 2021 жылы аяқталды. Қайта құру барысында өткізу пункті 34 паспорттық бақылау кабинасымен, дәретханалармен, ана мен бала бөлмелерімен жабдықталған. Өткізу қабілеті 6 мың адамнан 25 мың адамға дейін ұлғайтылды. Қазір өткізу пункті ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі пайдаланады. Бүгінде өткізу пунктеріне кіру мүмкіндігі жоқ", – деп жауап берді көлік министрлігі.
Ал шекара қызметі бұл оқиғаға қатысты мардымды жауап беруден бас тартты.
@ann_barvenko Об этом уже невозможно молчать!
♬ оригинальный звук - Та самая Аня

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
