Алматылық әйел балаларымен бірге терезеден секіріп кеткен: Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтып берді
Алматыда 28 жастағы әйел тоғызыншы қабаттың терезесінен үш баласын бірінен кейін бірін лақтырып, кейін өзі секіріп кеткен. Оқиғаға қатысты куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Әйел мен екі бала оқиға орнында мерт болса, үшінші сәби жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.
Келіншектің мұндай қадамға баруына отбасындағы жанжал себеп дейді тергеушілер. Ол туралы өлер алдында жазған хатында айтыпты.
Оқиға бүгін сағат бір шамасында көпқабатты үйде болған. Куәгерлердің айтуынша, 28 жастағы келіншек тоғызыншы қабаттың терезесінен үш бірдей баласын бірінен кейін бірін лақтырып, кейін өзі төменге қарай секіріп кеткен.
Жантүршігетін оқиғаны алғашқылардың бірі болып көше сыпырушы байқапты. Алғашында ол биіктен қоқыс лақтырып жатыр деп ойлап, келіншекке ұрысқан екен. Алайда қоқыс емес, кішкентай балалардың төменге құлдилап оңбай құлағанын көргенде бірден жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалған.
“Көше сыпырушы "Не істеп жатырсың, қазір полиция шақыртамын" деп айғайлағанын естідім. Ол енді қоқыс лақтырып жатыр деп топшылаған ғой. Мен терезеден қарап тұрдым. Жерге түскенде қатты дауыс естілді. Әйел ең соңында өзі төменге қарай секірді. Бұл отбасыны танымаймын”, – дейді оқиға куәгері Алексей Шен.
Қанға бөгіп жерде қимылсыз жатқан кәмелетке толмаған балаларды Назар Рефан да көріп есеңгіреп қалған. Жетысу ықшамауданының тұрғыны 6, 5 және 2 жастағы бүлдіршіндерді өлімнен арашалау үшін дәрігерлер барын салғанымен, еш нәтиже болмаған.
“Мен бұл жағдайды көргенде өзімді жайсыз сезіндім. Балалар демалмай жатты. Тіл тартпай кеткен сияқты. Балалар жартылай жалаңаш жатты. Біреуінің тіпті шалбары да болмады. Өкінішті жағдай. Балаларға обал. Олардың жазығы жоқ еді”, – дейді оқиға куәгері Назар Рефан.
Отбасы жалдап тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерден шыққан ұрыс-керісті естімедік деп отыр. Ал тұрғындар шошымасын деп, жердегі қан іздерін тәртіп сақшылары топырақпен көміп қойған.
Полиция әйелдің мұндай сұмдыққа баруына отбасылық жанжал түрткі болғанын жеткізді. Өйткені іштен шыққан перзенттерін биіктен лақтырып суицидке барған келіншектің өлер алдындағы хаты табылды.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
