Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар тамақты жемейді, ал алма шіріп кеткен": Алматыда ата-аналар мектепте берілетін тегін тамақтың сапасына шағымданды

Алматы қаласында ата-аналар мектепте берілетін тегін тамақтың сапасына шағымданды. Олардың сөзінше, мектеп әкімшілігіне шағым түсіргенімен, асханадағы жағдай әлі өзгермей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

тамақ

Бұған дейін блогер Жанар Құсайынова Алматыдағы мектептердің біріне барып, асханадан видео түсірген еді. Блогер балаларға берілетін тағамдардың мәзірін өзгерту керегін мәлімдеген. 

"Балаларға мектепте беретін тамақ ұнамайды, барлығы босқа төгіледі. Балаларды тамақтандыру үшін бюджеттен бөлінген қаржының қоқысқа кетіп жатқаны өкінішті", – дейді ол.

Видео астында пікір қалдырған желі қолданушылары бұл мәселемен өздері де бетпе-бет келгенін мәлімдеді. 

“Тамақ азырақ, бірақ дәмді болса жақсы болар еді. Үйде балам езілген картопты сүйсіне жейді. Ал мектепке түскі ас салып береміз, өйткені асхананың тамағы дәмсіз”, “Менің қызым тамақтың иісі де жағымсыз екенін айтады. Астанада оқығанда асхана тамағы жақсы еді, қазір Үштөбеде ештеңе жемейді. Күріші мен котлеті дәмсіз, ал сорпасы тек су. Компотын ішіп, үйден алып барған бутербродын жейді”, “Мұндай тамақты бала емес, ересектер де жей алмайды”, “Тамақтың обалын ойласаңдаршы. Сонша ысыраптың не керегі бар? Балаларға жағдай жасау керек, бірақ мұндай жолмен емес”, “Дәл осылай басқа мектептерде де тамақ дәмсіз”, – деп жазды желі қолданушылары. 

@novosti.kazz #казахстан🇰🇿 #токаев #акиматалматы #школьноепитание #школыалматы #школьнаястоловая ♬ оригинальный звук - НОВОСТИ КАЗАХСТАНА

Осыған байланысты Stan.kz тілшісі Алматы тұрғындарымен тілдесіп көрді. 

Альбина Беркімбаеваның үшінші баласы биыл мектеп табалдырығын аттаған. Сөзінше, осы оқу жылынан бастап мектептің асханасына жауапты мамандар ауысыпты. Бұған дейін тамақтар дәмді болды деген ол қазір тағамдардың дәмсіз әрі сапасыз екенін айтады. 

"Мектепте үш балам оқиды. Үлкен қызым да, ұлым да асхана тағамдарының дәмді екенін айтатын. Биыл кіші қызым 1-сыныпқа барды, бірақ асханаға жауаптылар ауысқан соң, берілетін тамақтың сапасы төмендеп кетті. Себебі әр баланы тамақпен қамту үшін күнделікті 600-700 теңгенің көлемінде қаржы бөлінеді. Ал тендерді жеңіп алған кәсіпкерлер пайда көргісі келеді. Бұл мәселе ата-аналар жиналысында да көтеріліп жүр", – деді Альбина Беркімбаева. 

Бүгінде мектепт берілетін тегін тамақты оқушылардың басым бөлігі жемейді екен. 

"Мектеп әкімшілігі асхана мәселесіне қатысты шара қабылдайтынын айтқан еді. Әзірге нәтижесін көрмедік. Оның үстіне асханада жұмыс істейтін кассалар саны да жеткіліксіз. Себебі асханадан бастауыш сыныптан бөлек жоғары сынып та тамақтанады. Бастауыш сынып оқушылары бәліш немесе өзге де өнімдерді сатып алғысы келсе де, жетпей қалады. Қазір мектеп әкімшілігі мәселелердің барлығы шешілетінін айтып, уәде беріп отыр", – деп түйіндеді ол. 


Күніне 458 теңге: Шымкенттегі ата-аналар мектепте тегін тамақтың орнына ақша берілгеніне қарсы


Ал Мадина Құрманбаева (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) Ғ.Мұстафин атындағы №191 мектепте балаларға дәмсіз тамақтың берілетінін мәлімдеді. 

"Бұл мектепте 4 және 3-сыныпта екі балам оқиды. Балалар үйге тамақтың дәмсіз екенін айтып келеді, кейде тұзы да болмайды екен. Қызым мектептің тегін тағамын мүлде жемейді. Бұған дейін мектепте асхана болмаған, тек буфет еді. Жаңа асхананың ашылғанына 2 жыл ғана болды. Тамақ желінбеген соң бюджет қаржысына дайындалған асты төгіп тастайды. Оқушылар тек тіскебасар ретінде берілетін йогурт немесе алманы ғана жейді. Оның үстіне алмалары шіріп кеткен, үйге алып келгенде таңғалдым", – деп мәлімдеді Мадина. 

Ата-аналар бұл жағдайдың былтыр да орын алғанын айтады. Қанша шағым түсіргенімен, мектеп әкімшілігі тендерді жеңіп, асхананы жалға алған кәсіпкерге қатысты еш шара қабылдамай отыр екен. 

"Мектеп әкімшілігі кәсіпкердің тендерді жеңіп алғанын сылтау етеді. Сондықтан шара қабылдамақ түгілі, ескерту де жасай алмайтынын жеткізді. Білім ордасының басшылығы "Біз де осы тамақты жейміз, ешкім өлген жоқ" деп жауап береді. Оның үстіне асхана қызметкерлері тегін берілетін тамақты жеке, ал сату үшін жеке тамақ әзірлейді. Тегін тамақ дәмсіз болғандықтан, әрине, оқушылар ақылы тамақты сатып алуға мәжбүр. Өйткені тегін мен ақылы тамақтың дәмінде де, сапасында да айырмашылық бар", – дейді Мадина Құрманбаева. 

Ата-аналардың шағымына қатысты Алматы қалалық білім басқармасынан пікір алған едік. Басқарма жауабына сәйкес қаладағы 211 мектепте оқушыларды тегін тамақпен қамту ұйымдастырылған. Бірақ әр баланы тамақпен қамтуға күн сайын 800 теңге қарастырылған екен.

"1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру үшін 2023 жылы 18,6 миллиард теңге бөлінген. Әлеуметтік осал топқа жататын 5-11-сынып оқушыларына 1,8 миллиард теңге қарастырылған. 2022 жылы тамақпен қамту үшін орта есеппен 600 теңге бөлінетін. 2023 жылы әр балаға күнделікті бөлінетін қаржы 800 теңге болды. Балалар мәзірінде көкөніс салаттары, екінші тамақ (сиыр еті, балық пен тауық еті), сүзбе, жеміс (алма), шырындар мен сусындар (компот пен кисель) секілді табиғи өнімдер бар", – делінген білім басқармасының жауабында.

Сонымен қатар білім басқармасының өкілі асханаға жауапты мердігерлермен жасалатын келісімшарт туралы да айтып өтті. 

“Ережеге сай конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссиялардың құрамына келісім бойынша веб-порталда тіркелген жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін конкурстық комиссияның құрамына қосады. Балалардың тамақтану сапасы мен қауіпсіздігіне кепіл болу мақсатында Ережеде осы қызметтерді көрсетуге неғұрлым дайын медігерді таңдауға мүмкіндік беретін критерийлер (жұмыс тәжірибесі, аспазшылардың біліктілігі, технологтардың, диетологтардың болуы) қарастырылған”, – делінген ведомство жауабында. 

Шартқа сәйкес тамақтану сапасын бақылау үшін комиссиялар жұмыс істейді екен. Олардың құрамында медицина қызметкерлері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қоғамының өкілдері кіреді. Бұдан бөлек алдағы уақытта Алматы қаласы мәслихатының шешімімен бекітілетін тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобы құрылады. 

“Қазіргі уақытта 2023-2024 оқу жылына арналған ведомствоаралық сараптама тобы жаңа құрамын бекіту бойынша, сондай-ақ жұмыс жоспарын бекіту мәселелері және ұсыныстарды ескере отырып, орта білім беру ұйымдарының білім алушыларының тегін тамақтану мәзірін қайта қарау қажеттілігі бойынша отырыс жоспарлануда”, – деп мәлімдеді білім басқармасының өкілдері. 

Талқылау