Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар онлайн оқығандықтан үлгерімдері төмендеп кетті": Өскеменде небәрі 10 жыл бұрын салынған мектеп апатты жағдайға түскен

Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылының оқушылары онлайн оқуға мәжбүр. Себебі білім ордасының қабырғасы сөгіліп, едені ойылып кеткен. Тіпті кейбір жарылған жері 3-4 сантиметрге дейін ашылып кетсе де, әлі апатты жағдайда деп танылмаған. Апатты жағдайда тұрған мектепті Stan.kz тілшісі көріп қайтты. 

Абай атындағы орта мектепте 826 оқушы білім алады. Басым бөлігі көп балалы отбасынан шыққан. Мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Десе де сапасынан ақау шығып, қабырғалары қақ айырылды. Салдарынан нысан дәл қазір қаңырап тұр. 

“Оқушылар онлайн оқып жатыр. Індетке байланысты қашықтан оқыған кезде балалардың білімі онсыз да төмендеді. Нашарлап кетті деуге де болады. Өйткені ауылда интернет нашар. Бұл балалар – біздің келешегіміз. Егер олар дұрыс білім ала алмаса, ел ертеңі қандай болады?! Мектеп шынымен апаттық жағдайда болса, басшылық балаларды оқытудың онлайн емес, басқа жолдарын қарастырып көрсе”, - дейді ауыл тұрғыны Айнұр Нұрмұханбетова.

Аталған ауыл балаларының жартысы қашықтан оқуға көшсе, қалған бөлігі көрші екі ауылға барып білім алуға мәжбүр. Бірақ ата-аналар онлайн сабақтың оңай емес екендігін алға тартуда. 

“Мәселен бір үйде сабақ оқитын бес-алты бала бар. Оларды бірнеше ай бойы онлайн оқыту – қыруар ақша, шындығын айтқанда. Жағдай жасалмаса, білімдері төмендеп кететіні айтпаса да түсінікті ғой. Ауылымыз облыс орталығынан шалғайда жатқан жоқ”, - дейді ата-аналар.

Салынғанына енді ғана 10 жылдан асқан білім ошағы ата-аналардың үрейін әбден алған. Көктем сайын осылай опырылса, ертең балалары қиранды астында қала ма деп қорқады. Мектептің ішін аралағанымызда жарық тек сол жақ қанатында ғана бар екендігін көрдік. Ал үстіңгі қабаттағы кабинеттер аман. Десе де бір күні оның да қабырғасына сызат түспесіне кім кепіл?!

Мәселенің мән-жәйін мектеп директорымен кездескенде түсіндік. Оның айтуынша, қазір арнайы мамандар тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. 

“Желтоқсан айының басында су құбырлары жарылды. Сол кезде төтенше қызмет өкілдерін шақырдық. Кейінірек инженерлер де келіп тексерді. Құбырлар дәліздердің және асхана еденінің астымен тартылған. Мамандар күрделі жөндеу жүргізу керек деген шешім шығарды. Сол себепті біз оқушылардың қауіпсіздігін ойлап, аралас форматта оқытуды жөн көрдік”, – дейді мектеп директоры Есімхан Акитбаев.

Өз сөзінде ол оқушыларға барлық жағдай жасалып жатқандығын айтады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының сметалық жобасына қаражат бөлінгенін де еске салды.

“Бастауыш сыныптарды көрші ауылдағы ескі мектепке апардық. Ол үшін арнайы автобустар қатынайды. Ал 5,6,7,8- сынып оқушылары онлайн оқып жатыр. 9, 10, 11-сыныптар №49 мектепте оқиды. Балалардың амандығы үшін осындай шешім шығардық. Бірақ нысан апатты жағдайда деп танылған жоқ.  Қазір құрылыстың сметалық жобасына қаражат бөлініп, порталға қойылып қойды”, - дейді Есімхан Тұрысбекұлы.

Ендігі ата-аналар мен балалардың арманы – мектептің тезірек жөнделуі. Бірақ нысанның қашан жөндеу көретіні белгісіз. 

Дайындаған: Таунар Қайратұлы

STAN.KZ
Сәрсенбі, 06 Сәуір, 2022 13:42
Талқылау