Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар мектепке бара алмай қалды": Толассыз жауын салдарынан Жаңаөзенді су басты (видео)

Жаңаөзенде 6 мамырға қараған түні қатты жаңбыр салдарынан 112 шұғыл нөміріне көптеген қоңырау түскен. Көшелер мен тұрғын үйлердің аумағында жаңбыр суы жиналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

жаңаөзенСурет: Sputnik Қазақстаннан

Барлығы сегіз аула, екі тұрғын үй, үш көше және бір жалпы білім беретін мектеп су астында қалған.

Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар бөлімі әкімдікпен бірлесіп №3 өрт сөндіру бөлімінің коммуналдық қызметтердің арнайы техникаларын және су сору құрылғыларын шығарды. Жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері, 1 техникасы мен 3 мотопомпасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің 17 жұмыскері мен 12 техникасы жұмылдырылған.

5 мамырда жаңбырдан кейін Қарақия ауданында сел жүрген. Көлік жүргізушілері бөліскен видеодан су ағыны Ақтау мен Жаңаөзен арасын жалғайтын тасжолға қалай жеткенін көруге болады. Сондай-ақ жүргізушілер жауын-шашынға байланысты жол көрінбегенін айтты.

6 мамыр күні таңертең жергілікті тұрғындар  Жаңаөзендегі №22 мектепте, сондай-ақ Қарақия ауданы Бостан ауылындағы орта мектепте сабақ тоқтатылғаны туралы хабарлаған.

"Қазгидромет" синоптиктерінің болжамы бойынша, Маңғыстауда 6-7 мамырда жаңбыр жауып, жел күшейеді. 6 мамырда Маңғыстау облысының басым бөлігінде жауын болады, солтүстікте, батыста, облыстың орталығында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ жауады. Күндіз облыстың оңтүстігінде шаңды дауыл. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соққан жел облыстың басым бөлігінде 15-20, солтүстік-батыста, солтүстік-шығыста екпіні 23-28 м/с жетеді.

Ақтауда 6 мамырда түнде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ болады. Солтүстік, солтүстік-шығыстан күндіз жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді. Маңғыстау облысының ТЖД аймақ тұрғындарына жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынды.

Сондай-ақ, тұрғындарға балаларды ерекше бақылауға алуға, қараусыз қалдырмауға кеңес берілді. Маңғыстаулықтарға аса қажет болмаса, далаға шықпау ұсынылады. Желден үй қабырғалары маңында жасырынуға болмайды. Өйткені шатырдан түрлі материал құлауы мүмкін.

Талқылау