"Балабақшадан қуып жіберді": Блогер Камила Саян ұлының диагнозына қатысты сұраққа жауап берді
“Қалаулым” бағдарламасының қатысушысы, блогер Камила Саян ұлының диагнозына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Желі жұлдызы ұлының әлі күнге дейіне ем қабылдап жүргенін айтты.
“Алан теледидарды теріс қаратып көретін. 1 жас 6 айында диагнозы белгілі бола бастады. Оны маған оқырмандарым айтты. Оған дейін мүлдем естімегенмін. Сол күні ұйықтамадым. Бүкіл ақпаратты оқып, неше түрлісін қарадым. “Аутист” деген аты да қорқынышты болды. Одан кейін екінші соққы алдық. Аланды балабақшадан қуып жіберді. Ол кезде мен “Бір болайықта” жүргізуші едім. Эфирге 10 минут қалғанда апайы хабарласып, алып кетуімізді өтінді. Анамды жіберіп, үйге әкелді. “Сіздің балаңызда ауытқушылық бар, коррекциялық-түзету балабақшасына беріңіз” деп кеңес айтты. Содан кейін мазасыз түндер мен жылау басталды. Дәрігерге апарғанда бәрі жақсы деп шығарып салды. Бірақ үлкен қате жасадым. “Сөйлеп кетеді” деп балабақшаға беру дұрыс емес екен. Өйткені баланың миы дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Соған көбірек күш жұмсау керек. Қазір үзбей ем алғанның арқасында өзі әжетханаға барады. Айналаға бейімделіп келе жатыр”, – деді блогер.
Одан кейін диагнозы бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес берді.
“Ең бірінші ата-ана қатты қорқып қалады. Не істеу керегін білмейді. Сондай кезде алдымен режимін дұрыстау дан бастаған жөн. Сосын баланың жейтін тамағын қадағалау керек. Қантты азайтқан дұрыс. Тәттіқұмар баланың асқазанына қант түссе, ол ішімдік ішкен адам сияқты жүреді екен. Оның бәрін қадағалау қиын. Бірақ ата-ана соған көңіл аударғаны абзал. Онсыз нәтиже бермейді. Диагнозы бар балаларды да емдеу өте қымбат. Бір миллион теңгеден басталады. Оны үзбей алғанда ғана нәтиже болмақ”, – деді Камила.
Еске салайық, Петропавлда аутизммен ауыратын балалар терезесі жоқ, ылғал жертөледе емделуге мәжбүр екенін жазған едік.