Қазақстанда балабақша директоры ата-анаға 2 жастағы егізін мекемеге жөргекпен әкелуге тыйым салған
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстандық әйел мемлекеттік балабақшаның директоры балаларының жөргек киіп, өз бетінше дәретке бара алмағаны үшін жекіп тастағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы 2 жастағы егіз баласын мемлекеттік балақбақшаға берген. Бірақ балабақша басшысы 2 жастағы балалардың жөргекте жүргені үшін анасына ескерту жасаған.
“Мемлекеттік балабақшада екі орын босап, 2 жастағы егіздерімді орналастырдық. Оларды бірінші күні балабақшаға толық емес күнге апардым. Балабақша директоры балалардың жөргекпен жүргені үшін маған дүрсе қоя берді. “Ешкім олардың артынан жүгіріп, жөргегін ауыстырып жүрмейді” деді. Осындай жағдайға тап болғандар немесе білетіндер бар ма? Балабақшаға баратын 2 жастағы баланың өз бетінше дәретке баруы міндетті деген ереже бар ма?”, – деп жазды келіншек.
Басқа желі қолданушылары мемлекеттік балабақшаға бару үшін балада белгілі бір дағдылар болуы керек екенін жазса, енді бірі бұл мәселені ақшамен оңай шешуге болатынын айтып, кеңес берді.
“Баланы балабақшаға дайындау керексіз. Бала өзі дәретке барып, қасық ұстай алуы керек”, “Рахметім болады” деп айтсаңыз, апай өзі-ақ үйретіп береді”, “Жөргекте тұрған ештеңе көріп тұрған жоқпын”, “Ондай ереже қай жерде жазылыпты? Жоқ, мұндай сұрақтар болмауы тиіс”, “Балабақшаның ішкі ережелеріне байланысты сияқты”, “Балам жөргек киіп жүріп балабақшаға барды. Уақыты келгенде бәрін үйренді”, “Бұл жазылмаған заң”, “Бізге де жөргек кигізуге тыйым салды”, – деп жазды желі қолданушылары.
Осы тұста оқу-ағарту министрлігінен мемлекеттік балабақшалардағы жөргекке қатысты шектеулер туралы туралы сұрадық. Ведомствоның айтуынша, мемлекеттік балабақшада балалардың жөргекпен жүруіне қатысты ресми талаптар немесе шектеулер жоқ.
“Баланың отбасындағы күтіміне байланысты бала балабақшаға бірінші рет келгенде өз бетінше дәретке баруға немесе сұрануға үйренбеген болуы мүмкін. Конституциясының 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Оқу-ағарту министрлігінде бекітілген мектепке дейінгі ұйымның қызметін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына сәйкес, тәрбиешілер ата-аналарға тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын сақтау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсете алады. Яғни, кеңес беру арқылы ата-ананың отбасында баланы жөргектен шығаруына көмектесе алады. Егер 2 жасқа дейінгі бөбекжай топтары болса, онда тәрбиешінің көмекшілері балаға күтім жасайды, сонымен бірге отбасымен ықпалдастықта баланың өмірлік дағдыларының дер кезінде қалыптасуы үшін бірігіп жұмыс жасайды”, – деп мәлімдеді министрлік.
Оқу-ағарту министрлігі баланың балабақшаға тез бейімделіп кетуі үшін ата-ананың ықпалдастық жауапкершілігі керек, сонымен қатар өзі де осы процеске қатысуы керек екенін мәлім етті.
“Себебі, тәрбиеші топта баланы тәрбиелеу мен оқыту, дамыту бағдарламасын іске асырады, одан бөлек тиісті режимдік сәттердің барлық бала үшін сапалы ұйымдастырылуына жауапты. Яғни, ата-ана білім беру бағдарламасына сәйкес, баланың толыққанды дамуы, оның өз-өзіне қызмет ету дағдыларының неғұрлым уақытылы қалыптасуымен тығыз байланысты екенін түсінуі тиіс”, – делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ ведомство әр балабақшаның ішкі талаптары болатынын атап өтті. Себебі әрбір мекеменің Жарғысы бекітіледі, ұжымдық келісім шарттары болады..

Қоғам белсендісі Алматы көшелеріне төселген брусчатканың жеке қолға сатылып жатқанын әшкереледі: Алайда әкімдік олардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтып отыр
