"Бала-шағаңмен қосып өртеймін": Түркістан облысында мұғалімді қорқытқан директор орынбасары қызметінен кетті
Түркістан облысы Шардара ауданындағы педагогтер арасындағы жанжалдан кейін директор орынбасары жұмысынан босатылды. Мектеп басшысы мұндай шешім педагогикалық кеңес отырысынан кейін қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Экспресс К" сайтына сілтеме жасап.
Шардара ауданы Көксу ауылындағы Т.Айбергенов мектеп-гимназиясы директорының айтуынша, өзара жанжалдасқан үш педагогке қатаң сөгіс жарияланған.
"Күні кеше мектепте педагогикалық кеңес отырысы өтті. Мұғалімдердің ұсынысымен ағылшын тілі және биология пәні мұғалімдеріне педагогке тән емес әдепсіздігі үшін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Менің бұйрығыммен директордың орынбасары қызметінен босатылды. Ал тарих пәнінен сабағын беруді жалғастыра береді", – деді мектеп-гимназиясының директоры Мырзабек Қаныбеков.
- Нұр-Сұлтанда қарақшы адамдардың көзінше әйел мен мектеп оқушысына шабуыл жасаған (видео)
- "Миы шайқалып, ауруханаға түскен": БҚО тұрғыны баласын мектепте соққыға жыққанын айтып шағымданды
- "Не деген қатыгездік": Қызылорда облысында ер адам жеңгесі мен құдасын бауыздап өлтірді
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының педагогтары сағатқа таласып, жанжалдасып қалғаны жазылған. Жанжал кезінде мектеп директорының орынбасары ағылшын тілі пәнінің мұғаліміне сөмке лақтырып, "өртеп кетемін" деп қоқан-лоққы көрсеткен.
Осы оқиғадан кейін екі мұғалім директор орынбасарының үстінен, ал директор орынбасары қос педагогке қарсы арыз жазған.
Түркістан облыстық Полиция департаменті білім ұясындағы жанжалға қатысты Қылмыстық кодекстің 115-бабы, яғни "Қорқыту" бойынша іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.