Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Bala Qorgau" жобасы балалар арасындағы суицидті тоқтата ала ма?

 Өз-өзіне қол салып, суицид жасаудан Қазақстан әлемде алдыңғы қатарлы елдердің тізімінде тұр. Соңғы бес жылда тіпті алғашқы ондықтың тізіміне кірген. Әсіресе, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өмірден баз кешіп, өз-өздеріне қол жұмсауды әдетке айналдырған. Өкініштісі осындай жағдайлар көбеймесе азаяр емес. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселемен күресу мақсатында "Bala Qorgau" жобасы тиімді жұмыс істеп келеді. Аталмыш жоба қалай жұмыс істеп жатыр, нәтиже қандай? Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

 Суицидтен көш бастап тұрмыз...

Әңгімені суицид проблемасынан бастасақ. Өйткені бұл тақырыптың өзектілігі жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта әлі оңы мен солын танып үлгермеген балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тоқтамай тұрғаны жасырын емес. Суицид проблемасы біздің елдің ғана емес, әлемнің көптеген елдерін алаңдатып отыр.  Жасөспірімдерге психологиялық, әлеуметтік, тіпті рухани тұрғыдан көмек беріліп жатса да, өз-өзіне қол салуды олар тоқтатар емес.  Көңіл бөлінгенімен, нәтиже біз ойлағандай емес. осындай шаралар біздің елде де жасылып жатыр. Бірақ республиканың басым көпшілік қалаларында суицид оқиғаларының көрсеткіштері көңіл құлазытады. Суицид ісінің қалыпты жағдайға айналғаны сонша, өсім де айтарлықтай ұлғайған. 

Wisevoter дерегі мынандай мәліметті келтіріп отыр. Ағымдағы жылы Қазақстан суицид статистикасы бойынша 19-орынға тұрақтаған. 

Бейбіт күнде болашағына балта шапқан балғындардың осындай қадамға баруының бірден-бір себебі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен балаларды қорғаудың тиімді механизмдерінің жетіспеушілігі. Мұны депутаттар, қоғам белсенділері, сарапшы мамандар талай мәрте айтып, мінберлерде көтерген еді. 

Осы олқылықтың орынын толтырып, мәселемен күресу үшін оқу-ағарту министрлігіне қарасты балалар құқықтарын қорғау комитеті осыдан екі жыл бұрын маңызды жобаны қолға алған болатын. 

    "Bala Qorgau": әкесінен қысым көргендердің өтініші

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, қиын жағдайға тап болған балалар мен олардың ата-аналарына көмек қолын созу үшін "Bala Qorgau" Telegram-боты іске қосылған. Бот арқылы оқушылар сұрақтарына жауап алады, анонимді өтініштерін қалдыра алады. Айта кетейік, "Bala Qorgau" жобасы бойынша мамандар чат және sms-хабарламалар арқылы тәулік бойы көмек көрсетеді. 2022 жылдың өзінде телеграмдағы ботқа 500-ден астам адам талап-арызбен жүгінген. 

"Көбіне балаларды отбасындағы жанжалдар, мұғалімдерімен және құрдастарымен қарым-қатынасы толғандырады. Сол себепті оларға психологиялық жағынан көмек беруге тырысамыз. Мысалы, бізге баласына әкесінің зорлық көрсеткенін айтып анасы жүгінген. Осы бойынша іске біз шұғыл араластық. Отбасына қамқоршылық органдары, аудан әкімдігіндегілер, құқық қорғау органының қызметкерлері дереу жөнелтілді", – дейді комитеттен. 

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың мәліметінше, 2023 жылдың 10 айында елордада жасөспірімдер арасында 98 суицид оқиғасы тіркелген, оның 10-ы көз жұмса, 88-і әупіріммен тірі қалған. Әрі өзін-өзі өлімге қиятындардың 82 пайызы қыздар болып отыр. Олардың 62 пайызы – мектеп оқушысы, 38 пайызы – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері. 

Cоңғы кездері, жеткіншектердің ең жақын туыстары немесе көршісінен қысым көргені туралы ақпараттар БАҚ беттерінде  ашық жарияланғаны жасырын емес. Сол себепті үкімет балалар арасындағы суицидтің алдын алу үшін түрлі жұмыстар жасауда. Мысалы, 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен зорлық-зомбылық мәселелері қаралатын болады. 

Қазір балалардың ғаламтор мен әлеуметтік желіге желімдей жабысқаны жасырын емес. Сол себепті мамандар қауіпсіз контент қалыптастыру маңызды екенін айтады. Сол себепті балаларын қолданатын ірі әлеуметтік желі өкілдерімен жұмыс жүргізілмек. 

Сондай-ақ балаларға арналған BalaQorgau бірыңғай орталығы іске қосылады. 

   Мектептегі буллинг: "Bala Qorgau" Telegram-ботының көмегі зор 

Қоғам белсендісі, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Гүлнар Умарованының айтуынша, аталған "Bala Qorgau" Telegram-ботының балаларға көмегі зор. 

"Чат-боттың көмегі көп, ақпараттандыру жұмысы бұдан да көбірек жасалса деп ойлаймын. Қазіргі уақытта медицина жағынан айтылып жатыр, жасөспірімдерге суицид туралы ой кез келген сәтте келеді. Сол кезде бала хабарласа алатын жедел желі болғаны маңызды, психологиялық көмек уақытылы көрсетілуі керек.  Осындай жағдайлардың алдын алуға көмектесетін шаралар қарастырылуы тиіс. Ата-ана мектепте буллинг болды деп жазғанда мектеп әкімшілігі неге хабарластыңдар деп артына түсіп алады. Сондықтан түсіністікпен қарап, баланың отбасылық жағдайын зерттеу маңызды. Ол жолда психологтардың кәсіби деңгейін көтеріп, жалақысын арттыру керек. Ең бастысы, мен 5 жылдан бері көтеріп келе жатқан маңызды бір мәселе бар. Ол – Балалардың құқықтарын қорғау комитетін оқу-ағарту министрлігінен бөлек шығару. Өйткені бұл маңызды орган министрлік құрылымында болса, көптеген мәселелер бойынша ақпарат халыққа, Үкіметке дұрыс жеткізілмей қалады. Бұл комитет бір Агенттік болып құрылып, президентке тікелей бағынышты болуы тиіс", – деп атап өтті қоғам белсендісі.  

Талқылау