AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көбіне бала сүйе алмаған жұптар келеді: Қазақстанда кімдер және қалай бала асырай алады?

Елімізде былтырғы статистика бойынша 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жылдан жылға бұл цифр азайып келеді дейді мамандар. Тек соңғы 10 жылда жетім балаларға арналған ұйымдар саны 114 бірлікке қысқарған. Бұл қазіргі кезде бала асырап алу мәдениетінің дамып келе жатқанының көрсеткіші болса керек. Бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттік те мұны растап отыр. Көбіне сәбилі бола алмаған қазақстандықтар бала асырап алуға жүгінеді дейді. Алайда ата-аналар бала таңдауда диагнозы бар, ағайынды, жасөспірімдерден қашқақтайтын көрінеді. Қазақстанда баланы қалай асырап алуға болады және отбасыға қойылатын талаптар қандай? Stan.kz редакциясы “Ана үйі” Қоғамдық қорының Ұлттық бала асырап алу агенттігінің өңірлік директоры Фарида Рахметовадан сұрады.

“Ана үйі” Қоғамдық қорының Ұлттық бала асырап алу агенттігінің өңірлік директоры Фарида Рахметова

Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалы отбасылар тұратын 123 мекеме, барлығы 4547 бала бар. Агенттікте бала асырап алу мәдениеті елімізде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Алайда кемшін тұстар да жоқ емес.

Ұлттық агенттіктің жұмысы барысында 3525 азамат Асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен. Жалпы 1059 отбасы 1553 баланы қабылдаған.

Бала қабылдауға дайын отбасылар өте көп болғанымен көпшілігі бала таңдау мәселесіне келгенде тосылып қалады.

“Мекемедегі балалардың басым пайызы жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар, оларды қабылдауға көп отбасы дайын емес. Бала мен мекеме саны азайып келе жатыр, бірақ жасөспірімдерді, ағайындылар және диагнозы бар балаларды отбасына қабылдауға дайын отбасылар әлі де аз”, – дейді Фарида Рахметова. 

 

Қазақстанда бала асырап алу үшін отбасыға қойылатын талаптар қандай? 

Баланы Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары қабылдай алады. Бұл ретте отбасының ортақ табыс мөлшеріне қойылатын талап бар. Табыс көлемі адам басына ең төменгі күнкөріс деңгейіне жету керек, жанұяға қосылатын бала да есепке алынады.

Баланы отбасына қабылдай аламайтындар: жалғыз басты ер азаматтар, денсаулығы, соттылығы бойынша есепте тұратындар, баланы отбасында асырауға материалдық жағдайы жеткіліксіз, тұрғын үйі жоқ азаматтар, дәстүрлі емес жыныстық ұстанымды азаматтар. 

Бала мен отбасының бір-бірінің алдындағы құқықтары мен міндеттері 

Баланы отбасына қабылдау формасы әртүрлі болады. Олардың ішінде: асырап алу, қамқоршылық, қорғаншылық, патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы бар.

“Әр форманың өзіндік ерекшіліктері болады. Мысалы баланы отбасы асырап алса оның барлық құқықтары сол отбасында туған баланың құқықтарымен бірдей болады, сонымен қатар заңмен асырап алу құпиясы сақталады, ал басқа формаларда бұл құпия сақталмайды. Бұл мәліметтермен біз бала асырағысы келетін үміткерлерді Асырап алушы ата-аналар мектебінде ақпараттандырамыз”, – дейді қоғамдық қордың өңірлік директоры.

Айтуынша, агенттік мамандары бала отбасына орналасқаннан кейін үш жылға дейін отбасын сүйемелдейді.

“Біз үміткермен ең алдымен екі жақты келісімге қол қоямыз. Сол жерде екі жақтың барлық міндеттері мен құқықтары көрсетілген. Үміткер агенттіктен құқықтық, психологиялық қолдау ала алады”, – дейді Фарида Рахметова. 

Асырап алынған бала жаңа ата-анасынан зәбір көрген жағдай қалай анықталады?

Үш жылдық сүйемеледеудің өзінің бірнеше деңгейі бар дейді маман.

“Базалық, кризистік және шұғыл атты деңгейлер бар. Егер отбасында қиындықтар туындайтын болса, әр сүйемелдеу түрінің алгоритмі бар. Психолог маман баламен жеке жұмыс жүргізе алады, бірақ оған ата-анасының рұқсаты қажет.

Отбасында қандай да бір кикілжің барын психолог байқап немесе бөгде адамдардан бұл туралы мәлімет алса, қамқоршылық және қорғаншылық органдарына хабар беріледі. Яғни мұндай құзіретке қамқоршылық және қорғаншылық органы ие”, – дейді Фарида Рахметова. 

Қандай жағдайда бала отбасынан тартып алынуы мүмкін?

Егер қабылдаушы отбасы баланың қажеттіліктерін өтемей, балаға қамқорлық жасамай, білім мен тәрбие бермей, оның құқықтары мен мүдделерін қорғамаған, зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда бала отбасынан тартып алынуы мүмкін.

Бала асырап алғысы келетіндер қайда жүгінуі керек? Қандай құжат тапсырады?

Отбасына бала қабылдауға ниетті азаматтар құжат тапсырмас бұрын міндетті түрде Асырап алушы ата-аналар мектебінен өтуі тиіс.

“Бұл курс туралы толық ақпаратты жергілікті атқарушы органдардың мамандарынан немесе  агенттіктің 1422 колл-орталығынан білуге болады. Осы курстың сертификатын алғаннан кейін басқа құжаттарды жинақтап, егов порталы арқылы тапсыруға болады”, – дейді Фарида Рахметова.

Құжаттар: жеке куәлік, неке қию куәлігі (бар болса), денсаулығы туралы анықтама, нарко, психоневрологиялық диспансерлерде есепте болмауы туралы анықтама, соттылығы болмауы туралы анықтама, тұрғын үй актісі, жиынтық кіріс мөлшері туралы анықтама.

Баланы қамқорлыққа алу

Қор өкілі қамқоршылық пен қорғаншылыққа алу көбіне туысқандық қарым-қатынаста орын алатынын айтады. 

Бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалғанда ең алдымен агенттік баланың туыстарына жүгінеді. Егер туыстары: әжесі, атасы, бауырлары, ата-анасының бауырларының жағдайы болса, балаларды туыстарына орналастырады.

“Көбіне бұл форма – туысқандық қамқоршылық. Егер туыстарынан баланы қабылдауға дайын адам табылмаса ол баланың мекемеде статусы анықталып, қабылдаушы отбасына баруға мүмкіндігі болады. Ал қабылдаушы отбасына алу формаларының түрлері бірнеше: асырап алу, қамқоршылық және қорғаншылық, патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы. Қай формаға баланы қабылдайтынын отбасы өзі таңдайды. Ескертетін нәрсе –қабылдаушы отбасы формасына 4-10 баланы қабылдауға болады.

Бұл жерде асырап алудан айырмашылығы баланың атын, тегін, туған күнін өзгерте алмайды, асырап алу құпиясы сақталмайды, мектепке дейінгі балаға 9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, мектеп жасындағы балаға 10 АЕК (30 630 тг) мөлшерінде ай сайын төлем тағайындалады. Жергілікті атқарушы органдарға баланың жағдайы, тағайындалған төлемнің жұмсалуы туралы есеп береді”, – дейді агенттік өкілі. 

Патронаттық тәрбие 

Патронаттық тәрбие баланы отбасына қабылдаудың бір формасы.

“Бұл жерде баланың аты-жөнін, тегін өзгертуге мүмкіндік жоқ. Балаға ай сайын 9 немесе 10 АЕК мөлшерінде ай сайын төлемдер тағайындалады, сонымен қатар патронатттық тәрбиешіге ай сайын айлық төленеді. Баланың статусы анықталған болса әрине оны бірден асырап алуға болады. Кейде баланың ата-анасы ата-аналық құқығынан шектелген, ұзақ мерзімді емделуде, түрмеде, іздеуде т.б. болуы мүмкін. Бұл жағдайларда баланың статусы толық анықталмаған болып саналады, бірақ бұл балаларды отбасына қамқоршлық, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге қабылдауға болады. Уақыт өте келе баланың статусын анықтап, сот арқылы баланы асырап алуға мүмкіндік бар”, – дейді ол.

Қор директорының айтуынша, патологиясы бар балаларды асырап алу кезінде отбасыға материалдық, моральдық қолдау көрсетіледі. Мемлекеттен әрине диагнозы бар балаларға арналған квоталар, төлемдер бар.

“Біздің Қордың меценаттары осы мәселені көтеріп диагнозы бар балаларды қабылдаған отбасыларын қолдау мақсатында балалардың реабилитациясына қомақты ақша бөлді. Қазіргі кезде бұл бағдарлама құрылу процесінде. Орташа, жеңіл тіпті ауыр диагноздармен отбасына орналасып, біршама уақыттан кейін бұл диагноздары алынып тастаған немесе жеңіл түріне өткен балалар туралы мысалдар бізде өте көп”, – дейді ол. 

Бала асырап алған отбасылардың оқиғасы

Қазақстандықтардың көбі “Ана үйі” агенттігіне өз балалары болмауы себебінен жүгінеді екен. Дегенмен маман соңғы жылдары өз балалары бола тұра, бір балаға бақытты балалық шақ сыйлағымыз келеді деген үміткерлердің саны көбейіп келетінін де жасырмайды.

“Осындай отбасылардың бірі кішкене 6 айлық өте ауыр генетикалық ауруы бар баланы отбасына қабылдауға ниет білдірді. Дәрігерлердің болжамы бойынша бала жүрмек түгіл, ешқашан басын ұстап отыра алмайды деді. Соған қарамастан отбасы баланы алуға шешім қабылдады.

Отбасымен бірге баланы аяққа тұрғызудың шешімін іздей бастадық. Арнайы қорларға жүгініп, Ресейлік әйгілі дәрігердің қабылдауына барды. 4 жылдың ішінде балаға 5 ота жасалды. Қазіргі кезде бала аяққа тұрып жүріп жүр. Отбасының тағы бір баланы қабылдасақ деген ниеті бар. Бір отбасының бірнеше баласын, жасөспірімдерді, басқа ұлт өкілдерінің балаларын, диагнозы бар балаларды отбасына қабылдаушы керемет жанұялар бар, бірақ әлде де осындай отбасы санын көбейту үшін азаматтардың бала асырап алу мәдениетін елімізде дамыту қажет”, – дейді “Ана үйі” Қоғамдық қорының Ұлттық бала асырап алу агенттігінің өңірлік директоры Фарида Рахметова.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр