Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақыт Тушаев: Оқушы кезде ұстазына арызданған бала өскен соң әйеліне де шағымданады

Белгілі актер Бақыт Тушаев ұстаздардың қоғамдағы орны жайлы пікір білдірді. Өнер иесінің айтуынша, мұғалімнің өзгелерден бұрын оқушылардың алдындағы мәртебесін көтеру қажет. Ал бүгінде бұл қиын іс, дейді актер. Себебі ата-ана ұстазына шағымданып келген баласын қолдайды.

Бақыт Тушаев: Оқушы кезде ұстазына арызданған бала өскен соң әйеліне де шағымданады

Бұл туралы Ұлттық арнаның “Қарекет” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

“Біріншіден, мұғалімнің мәртебесін қоғамның, отбасының болмаса туған-туыс, ағайын-жекжаттың емес, ең алдымен, мектеп оқушысының алдында көтеруіміз керек. Мен өмірімде мұғалімнен бір рет шапалақ жедім. Үйге келгенде шешем екінші бетімнен ұрып, мектепке қайтарып жіберді. Содан кейін өмір бақи қайтадан мектепке жылап келген емеспін.

Ал қазіргі балалар ше? Біз шетелге еліктейміз, баламыздың құқығы тапталды, жеке басын қорлады дейміз. Олай жасай берсек, ертең біздің балаларымыз өскенде кім болады? Ұл балалар мамасының баласы болады. Ол кішкентай күнінен бастап арызқой, шағымшыл, өзін оқытып-үйретіп жатқан ұстазға шағымданған бала ертең өскенде қоғамға шағымшыл болады. Ол өзінің әйелінің үстінен шағымданады. Ал ондай ұрпақ бізге қызмет жасай ма? Жасаған күннің өзінде, қандай қызмет жасайды? Осы мәселені көбірек ойлану керек секілді”, – дейді ол.

Бақыт мұғалімнің қадірсіз болып бара жатқанына Заңның салдақылығы да кінәлі дейді.

“Қазір мектептерде балаларға смартфон ұстатқызбау керек. Екіншіден, мұғалімнің мойнына артып қойған әртүрлі сайлау науқандарындағы жұмыстар… Ауыл-ауылға гастрөлдік сапармен барамыз, ұстаздардың үйіне түсіп жатамыз, болмаса ауылдағы әке-шешемізден естиміз. Комиссия болмаса аудандағы білім бөлімінің басшылығы бар. Мен таңғалдым, ауданнан келетін басшылық, айналасындағы нөкерлерімен қосқанда 6-7 адамды күткен кезде құдалық күткендегі дастархан бекер қалады.

Үй көрмей жүрген жеңгелеріміз, бала-шағасын тәрбиелеуге уақыты жоқ әпкелеріміз, қарындастарымыз қаншама?! Бұрын ұстазды көрсек кәдімгідей асық ойнаған жерімізден асығымызды сыпыра қоятынбыз. Кетіп бара жатса арыққа жата қалатынбыз. Қазір мұғалімді қағып кетіп жатқан қаншама балалар бар. Ең бірінші, бұл жерде ұстаздардың оқушы алдындағы мәртебесін көтеру керек”, – дейді Бақыт Тушаев.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау