"Бақшамыздың соңғы рет гүлдеуі шығар": Қазақстандық кәсіпкердің алма бағы суға кетті, ол халықтан көмек сұрайды
Батысқазақстандық селекционер Қайрат Кәрімовтің алма бағы су астында қалып, жеміс-жидектің 200-ден аса сорты құрып кету алдында тұр. Бағбан генофондты сақтап қалу үшін ағаштың бұтақтарын кесіп тастап жатыр. Stan.kz тілшісі кәсіпкерден бау-бақшаның қазіргі жағдайы мен алдағы жоспары туралы сұрап көрді.
Фото Қайрат Кәрімовтің жеке архивінен алынған
Бастапқыда С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбағы инвестициялық жоба ретінде құрылған. Халық игілігіне жасалған бақта бүгінге дейін алма ағашының 200-ден аса сорты мен вегетативті-көбейтілетін клондық тамыр сабақтарының 80 түрі, жүзімнің 200-ден аса сорты мен гибридті түрлерінен тұратын топтама болған.
Қайрат Кәрімов наурыз айында 7 гектар жерінің қалай қызыл судың астында қалғанын айтып берді.
“Қазіргі алма бағымызға 10 жылдан асты. Одан бұрын кішігірім бірлі-жарым бау-бақша болып, кейін аз-аздан еге бастадық. Коллекция жинап, сыймай кеткен соң үлкен жерге көшуге бел будық. Әуелде бұл іске 400 миллионнан аса қаражат кетті. Кейін жылдар өткен сайын кәсіпке айтарлықтай қаржы салдық. Бақшамызды 31 наурызда топан су басып, екі жарым апта ішінде су ақырындап арнасына тартылды. Алайда сәуір айының ортасында Жайық өзені көтеріліп, бірнеше күн ішінде Шаған өзеніндегі су деңгейі қайта көтеріліп, бақ толық суға кетті. Қазір гүлдеп тұрған ағаштардың тек басы көрініп, түбі шіріп жатыр. Қазір мені су басқан үйіміз, қоймалар мен техника емес, жеміс беріп тұрған өсімдіктер алаңдатып тұр. Бұл бақшамыздың соңғы рет гүлдеуі шығар”, – деді Қайрат Кәрімов.
Бағбанның сөзінше, бұл жерде XIX ғасырда да алма ағаштары гүлдеп тұрған. Селекционер алма ағаштары жасына, сортына, су басқан кездегі ауа температурасына және басқа да көптеген факторға байланысты екіден үш аптаға дейін су тасқынына төтеп бере алатынын айтты.
Фото Қайрат Кәрімовтің жеке архивінен алынған
“Мына судың жағасында өскен теректерге су жайылса да, 2 аптадан ары аспайтын. Ағаштар 2 ай суға кетуді көтереді. Бірақ қазіргі жағдайымыз үшінші айға созылып бара жатыр. Естуімше, суда бір айдан аса аман қалған оқиғалар да болды. Алайда осы жердің үлкендері бұл өлкеде мұндай оқиға мүлдем болмағанын айтты. Себебі өмір бойы бұл жерде алма бақтары өсіп тұрған. Ендігі басты міндетіміз – алманың тектік қорын сақтап қалу. Сондықтан мына ауқымды жерді қайтадан жаңартып, қала маңындағы 85 гектар тегіс жерге көшіп барамыз. Сол жерге генофондтың бәрін көшіреміз, ол жер мүлдем суға кетпейді”, – деді бағбан.
Тәлімбақ иесінің айтуынша, бұдан 2019 жылы атақты жеміс өсіруші ресейлік және қазақстандық ғалымдар ел президентіне Қайрат Кәрімов пен оның жары жүргізіп отырған ғылыми жұмыстың маңызы және бақтағы генофондты сақтау туралы бірнеше рет хат жазған. Хатта ғалымдар "Кәрімовтар тәлімбағында осы кезде Ресейде және посткеңес кеңістігіне теңдесі жоқ ең құнды генофонд жиналды" деп баға берген.
“Зерттеушілер мемлекет басшысынан генофондты сақтауға және одан әрі ғылыми жұмыстарды жүргізуге көмектесуді, ең әуелі, бау-бақшаға материалдық қолдау көрсетуді сұрады. Қазірге дейін бақты өз қалтамыздан қаржыландырып келе жатырмыз. Су тасқынынан кейін жағдайымыз қиын”, – деп ағынан жарылды бағбан.
Алайда бағбан әлі күнге дейін үкімет тарапынан көмек берілмегенін атап өтті. Қайрат Кәрімов жарымен бірге бақты салу қалай ойына келгенін айтып берді.
“Мұны өзім бала кезден жақсы көрдім. Ауылда туып-өскендіктен анам да шарбақта бақ егетін еді. Соны көріп өскеннен кейін баққа деген қызығушылығым ашыла түсті. Ағаш, алма, терек еккенді сүйіп істеймін. 1990 жылдары заман қиын болған соң бұл шаруаны тоқтатып қойып, кейін бәрі тынышталып оңалғаннан кейін қайта бастадым. Бүгінде жұбайым екеуміз бақша өсірумен қатар, ғылыми жұмыспен айналысамыз”, – деді Қайрат Кәрімов.
Қайрат Кәрімов генофонд мемлекет үшін стратегиялық маңызы барын және әрі қарай асылдандыру жұмыстары үшін қажет екенін атап өтті.
“Елімізде қыс суық, жаз аптап ыстық болғандықтан, тәлімбақ күрт континенталды климат жағдайларына бейімделген. Осы ретте климатқа қандай алма, тамыр сабағы бейімделген? Қай ауруға төзімді және қайсысы көп жеміс береді? Осыған орай сорттарды іріктеп, ғылыми жұмыспен айналысып жатырмыз. Біздің бақ бизнес мақсатында салынбаған. Бақтың негізі ғылыми тұрғыдан қаланған. Жемістер біздің елде, бірдің топырағымызда өсіп-өніп жатыр. Піскенде де өте жақсы жеміс береді. Сонымен қатар ол дәруменге өте бай. Біздің қазіргі істеп жатқан ғылыми жұмысымыз – қайтадан көгалдандыруды қалпына келтіру. Бұл алма бақтан өнім алу немесе ғылыми жұмыспен айналысу ғана емес, мұны мәдениет және өнер туындысы деуге болады”, – деді тәлімбақ иесі.
Фото Қайрат Кәрімовтің жеке архивінен алынған
Оның сөзінше, бұған дейін баққа студенттер практикадан өту үшін келген екен.
“Теориялық білімнен гөрі практикалық жұмыстар өте маңызды. Қазір алма бақ өкінішке қарай жоқ. 2021 жылы Астанадағы 6 мектепте және тағы шағын балабақшаларға алма бақ ектік. Соның бәрі қазір жеміс беріп тұр. Артымыздан еріп келе жатқан балаларымызға, ұрпақтарымызға бірнәрсе қалдырып кетуіміз керек. Ол оңай дүние емес. Өкінішке қарай, еккен алма бағымыз судың астында қалды. Енді шыдағанның өзінде тағы 1 айға төтеп береді. Одан кейін болды. Содан бері көп теректер өліп, жапырақтары солып қалған. Сонда да қолды бір сілтеп, шаруаны тастап кеткіміз келмейді. Енді Алланың көмегімен жұмысты одан да жақсы істейміз деп сенеміз. Өте көп кісілер бізді қолдап, хабарласып жазып жатыр. Қазақстаннан ғана емес, бүкіл елдерден жағдай сұрасып, хат алысып жатыр. Мұның өзі үлкен мотивация, үлкен қолдау. Осы бір миссиямызды дұрыс істеу деген жоспарда тұр. Комиссия тексеріп, қандай залал келгенін, нәтижесі қалай болатынын айта алмаймын. Егер үкімет тарапынан көмек берілсе, жақсы болар еді”, – деді Қайрат Кәрімов.
Шаруа қожалық иелері бірегей ағаштарды құтқарып қалуға тырысып, қайықпен бақшада жүзіп, баға жетпес генофондты сақтау үшін бұтақтарын кесіп тастап жатқан видеоға желі қолданушылары пікір білдірді.
“Қап, қаншама еңбек... Мен де биыл егемін деп ойлап едім, сәті түспеді. Алатын жер суға кетті. Өзімнің бау-бақша аумағым түгел суға кетті, аулалары қалқып кетті, кетпегені топырақ астында қалды. Қайтадан саламын… Ел тыныш болсын, бәрі жақсы болар..”, “Нағыз қазақтың патриоты екен! Артыңда тал қалсын деген аталарымыз. Бұл кісінің артынан алмалы орман қалады. Алла еңбегінің жемісін берсін! Еңбегі жандана берсін деп тілейміз!”, “Қайрат ағаның бағы ерекше. Жыл сайын барып алманың дәмін татып, рахатқа бөленетін едік. Биыл жағдай мүшкіл, алма бағын су басты. Қайрат аға қандай да марапатқа лайық бағбан”, “Бұл бақшадан 550 алма талын алып, Ақтөбе облысына ектім. 100% алып кеткен еді. Бұған дейін Орынбор, Орск қалаларынан әкелгендерім тек 50% жерсінген еді. Қайрат ағаның талдары өте сапалы. Бұл жағдай өте өкінішті. Сіздерге сәттілік тілеймін!”, “Халықты ойлайтын кәсіпкер екен. Әйтпесе ақшасы көп, бірақ сауда кешендерін салып тастаған қанша миллиардерлер бар. Есі бар қалталы азаматтар көмек берсе, жақсы болар еді”, – деп халық жүрекжарды пікір жазды.
Қайрат Кәрімовтың бұл ісіне көмектесемін деушілер мына банк реквизиттерін (әкесінің шоты) пайдалана алады. Kaspi картасының нөмірі:
4400 4301 4835 5917
KAIRAT KARIMOV