Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақытжан Сағынтаев әкімдік алдына келген көп балалы аналарды қабылдамай қойған

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында өзіне келген аналардың алдына шықпай қойды. Көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар мереке қарсаңында қала басшысына өздерінің бірқатар мәселелерін айтуға келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп. 

Ондаған жылдар бойы пәтер жағалап жүрген аналар, тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегі жылжымай қалды деп қапалы. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған олар, жергілікті биліктен көмектің көрсетілмейтінін ашына айтады.Әйелдерді мейрам қарасаңында гүл мен сыйлық тасып абыр-сабыр болған әкімдік қызметкерлері кіреберістен әрі өткізген жоқ.  

Тұрғын үй басқармасының өкілі Ермек Әміров, биыл осал топтарға тұрғын үй қорынан 400 пәтердің кілті табысталатынын айтты. Оған қоса, 400-ге жуық көп балалы отбасыға арендалық баспана беріледі. Бірақ барлығы тек өз кезегімен алады деп отыр. 

"Бұл азаматтар кезекте тұр. Кезек тәртібімен мемлекет тарапынан арендалық үй алатын болады. Бірақ кезегін күткісі келмесе, жеңілдетілген бағдарламалар бар. Ол «Шаңырақ» пилоттық бағдарламасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға қатысу керек", - дейді Алматы қаласы тұрғын үй саясаты Басқармасы басшысының орынбасары. 

Бірақ бұл бағдарламаларға қатысу үшін банкке бастапқы жарнаны құйып, төлем қабілеттілігін растауы керек.

Тіпті, әкімдік тарапынан қайтарымсыз 1 миллион теңгенің сертификатын берсе де, тұрақты жұмысы бар екенін дәлелдеулері шарт. Ерекше балаларына бас-көз болып жүретін аналар, жұрт қатарлы жұмыс та істей алмайтындықтарын айтады. Бұл мәселені шешуге қауқарымыз жетпейді деген әкімдік, министрліктен көмек сұрап сауал жолдадық дейді. 

"Көп адам тегін алғысы келеді. Бізде бұндай мыңдаған кезекте тұрған кісілер бар. Сондықтан, бізде бұл кісілерге ал да, бер сал деген өкінішке қарай мүмкіндік жоқ", - дейді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева. 

Тұрғын үй қорынан баспана кезегін күтіп жүрген бүгінде  27 мың 700 адам бар. Дәл осы қарқынмен жыл сайын 800 пәтер берілетін болса, онда дәл бүгінгі күні ең соңы болып кезекте тұрған азамат, арендалық тұрғын үйге 34 жылдан кейін қол жеткізеді екен. 

Талқылау