Бақытжан Базарбек: Зейнетақы қаражатын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салу — азаматтардың құқықтарын шектеу
Фото: istockphoto.com
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау министрлігінің зейнетақы жинақтарының артығын стоматологиялық қызметтерге беру мүмкіндігін алып тастау туралы бастамасына пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл ұсыныс алаяқтық пен қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілерінің анықталуына байланысты жасалған. Дегенмен, депутат заң бұзушылықтармен күресу азаматтардың құқықтарын шектеу арқылы емес, қылмыстық істер қозғау арқылы жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
“Тіс емдеу сылтауымен ақшаны шығарып алған алаяқтық, айлакерлік фактілері бар. Менде "Отбасы банкінен" алынған материалдар бар – өте көп миллиардтар шығарылған. Енді бұл тәжірибені толық тоқтатқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Қылмыстық істер қозғаңыздар, жауапкершілікке тартыңыздар. Қатысы бар клиникалар мен стоматологияларды тексеріп, лицензияларын қайтарып, мекемелерді жабу керек”, – деді Базарбек Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, депутат азаматтардың зейнетақы жинағының артығын тіс емдеуге пайдалану құқығы сақталуы қажет екенін айтты.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағының артығын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салуды ұсынған болатын.
“Қазіргі уақытта тіс емдеуге зейнетақы жинағындағы артық қаражатты беру тоқтатылды. Әзірге бұл нақты шешім. Процесте, ұйымдастыруда қандай ақау, кемшілік болғаны анықталған соң мүмкін болашақта қайта жандандырылуы мүмкін. Алаяқтық жолмен алынған қаражат 240 миллиардтан асты, анықталмаған қанша. Бұл 3-4 өңірде болған оқиға, басқа өңірлерде не болып жатқанын тергеу ангықтайды", - дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банкі 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарының артығын стоматологиялық емге пайдалану бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтататыны хабарланды. Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғаны белгілі болды.

"Несиенің пайыздық мөлшерлемесі азаяды": Сарапшы коммерциялық банктер тұрғын үй жинағын енгізсе қандай өзгерістер болатынын айтты
