Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасы: Павлодарлық келіншек 2% мөлшерлемемен қалай баспана алғанын айтып берді

Павлодар қаласының тұрғыны Айсұлу Сенкібаева  – нарықтағы ең төмен пайызбен несие алып, баспаналы болған бақытты аналардың бірі. Көп жылдан бері тұрғын үй тауқыметін тартып келген көпбалалы келіншек бүгінде үш бөлмелі кең пәтердің иесі. “Отбасы банк” арқылы басыбайлы баспанаға қол жеткізген Айсұлу Stan.kz тілшісіне мақсатына қалай жеткенін айтып берді. 

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтін Айсұлу Сенкібаева екі қыз, екі ұлдың анасы. Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған келіншек пәтерден пәтерге көшіп, төзімі әбден таусылғанын айтады. Кейін құрбысының кеңесін тыңдап, Отбасы банкінен депозит ашып, қаражат жинай бастайды

“Отбасы банкінен салым ашып, қаражат жинауыма өзім сияқты төрт баланың анасы себепкер болды. Танысым жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша үй алуға болатынын тәптіштеп айтып берді. Оны естіп, банкке барып, үй алуға болатын бағдарламалар жайлы толығырақ сұрап білдім. Ізінше депозит ашып, оған шамалы қаражат құйдым. Алайда күнкөріс қамымен жүріп, депозитті тұрақты толықтырып тұрмадым. Кейін оның бары мүлде есімнен шығып та кетті. Үй алар кезде шотымда небәрі 38 мың теңге болатын”, – деп еске алды Айсұлу. 

Алайда “Бақытты отбасы” бағдарламасы келіншектің үй аламын деген үмітін оятқандай болған. 

“Өтініш бергеннен кейін 10 күннің ішінде оның қабылданғаны туралы хабарлама келді. Отбасы банк шақыртуымен филиалға келіп, кеңес алдым. Екі аптаның ішінде қажетті құжаттарды рәсімдеп, негізгі жұмысты аяқтадық. Бірақ үш айдың ішінде алғашқы жарна сомасын депозитке салу керек болды. Бір қуанарлығы, туыстарым, әсіресе әкем мен сіңілім көп көмек көрсетті. Солардың арқасында бастапқы жарна сомасын жинай алдым”, – дейді ол.



Айсұлу балаларын мектепке күнде өзі апаратындықтан, үйінің білім ордасына жақын болғанын қалаған екен. Ал бағдарлама аясында қалаған пәтерді, қалаған ауданнан таңдауға рұқсат етілген.

“Шыны керек, пәтерді өте ұзақ іздедім, себебі үйлердің бағасы аспандап тұр еді. Бір күні қызым жарнамалық хабарландырулардың ішінен 11 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер тауып алды. Дереу иесіне хабарласып, үй алуға келістік. Сөйтіп желтоқсан айында жаңа үйге көшіп, жаңа жылды өз шаңырағымызда қарсы алдық. Бұл мен үшін де, балаларым үшін де күтпеген жағдай болды. Себебі бұрын бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрып келген біз үшін үш бөлмелі үйіміз кең сарайдай болып көрінді”, – дейді көп балалы ана. 

Айта кетсек, “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында заем сомасы 15 млн теңгеге дейін жетсе, қалған аймақтарда 10 млн теңгені құрайды. Мөлшерлемесі 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап) болатын ипотекаға аз қамтылған отбасылар (көп балалы, толық емес, және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар) өтініш бере алады. Бұған қоса бағдарламаға қатысу үшін отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы алты айдағы табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс (2022 жылы ең төмен күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені құрайды, тиісінше отбасының әрбір мүшесіне келетін табыс 111 655 теңгеге тең сомадан аспауға керек). 

Ал кірістің "ең төменгі" шегі жоқ. Бастысы соңғы алты айда тұрақты зейнетақы аударымы болып, жұмыс орнынан анықтама болса жеткілікті. Егер үміткердің жалақысы ипотеканың ай сайынғы төлеміне жетпейтін болса, банк кепілгер сұрайды. 

Бағдарлама бойынша жаңа және бұрын қолданыста болған пәтерді, сондай-ақ жер үй сатып алуға болады.



Қазір Айсұлу қарызын өтеуге ай сайын 53 мың теңге төлейтінін айтады. Несие қалтасына ауыртпалық салмасын деп ипотеканы ең ұзақ мерзімге – 20 жылға рәсімдеген екен. Бір айта кетерлігі, қазір несиелендіру мерзімі 18 жылды құрайды. 

“Жаңа үй алғандағы сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны баспаналы болсам деп жүрген әрбір адам сезінуге бұйырсын. Балаларым енді қиналмайтынын ойлап, көңілім жай табады. Жалпы, “Бақытты отбасы” дегенде “бақыт” сөзі бар емес пе? Бұл аналардың, балалардың бақытты болуы үшін жасалған тиімді бағдарлама дер едім. Мен әрқашан өз үйімнің болғанын, балаларымның өз бөлмелері болғанын армандайтынмын. Бәрін көз алдыма елестетіп, 20 жыл бойы үмітімді үзбедім. Қазір қол жеткізген дүние кезіндегі арманым еді. Енді міне, үлкен қызыма үй алып беру мақсатында Отбасы банкінентен тағы да депозит ашып қойдым. Қандай жағдай болса да армандар орындалатынына сену керек. Сіздер де армандарыңыздан күдер үзбеңіздер. Әр қазақтың баспаналы болуына тілекшімін”, – деп қорытындылады Айсұлу Сенкібаева. 

Талқылау