Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бақытымды басқа ұлттан таптым": Кубалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы қазіргі өмірі жайлы

Әсел Қаратай есімді қазақ қызы 6 жыл бұрын кубалық азаматқа тұрмысқа шықты. Ерлі-зайыпты Қазақстанда тұрып жатыр. Ортақ бір қызы бар. Арада махаббат болған соң қосылдық дейді өзі. Қазақ қыздарының басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы қаншалықты қисынды? Бұған сарапшылардың көзқарасы әр түрлі. 

Бұл туралы "Неке сыры" бағдарламасында айтылды. 

Әсел Қаратай бүгінді өзінің дұрыс таңдау жасағанын айтады. Отбасында бақытты әйелмін, бақытты анамын дейді. Ата-анам қарсы болғанымен, қазір күйеуімді де, қызымды да жақсы көреді деп ақтады. 

"6 жыл бұрын қыздар болып кафеге бардық. Сол жерде Алексті кездестірдім. Жолдасымның есімін қысқартып Алекс деп атаймыз. Ол мейрамханада диджей болып жұмыс істейді екен. Онымен жақын таныса бастадық. Сөйлесіп, кездесіп жүрдік. Ол екі айға өз еліне, Кубаға аттанып кеттік. Сол кезде іздей бастадым. Оны жақсы көретінімді түсіндім. Ол да мені жақсы көретінін айтты. Ортада махаббат болды. Басқа еш себеп болған жоқ. Сезім болған соң бас қостық. Ата-анам қарсы болды. Алайда кейін қабылдады. Қазір жиен немересін жақсы көреді", - деді Әсел. 

Қазақ қызының айтуынша, өзі кездескен қазақ жігіттері болған. Алайда ешкім тұрмысқа шығуға ұсыныс айтпады дейді. Содан болар, отбасын құруға ұсыныс айтқан өзге ұлты өкіліне бірден келісім берген. 

"Жолдасым үйде орысша сөйлейді. Ағылшынша, испанша сөйлейді. Қазақ тілін аздап түсінеді. Қызым әкесінің тегімен жазылды. Тілі орысша. Әкесімен испанша сөйлеседі. Кубаға ата-әжесіне барып қайтқанбыз. Ал, нағашыларына жиі барып тұрады. Мен Оралдың тумасымын. Қызымды нағашы жұртына жиі апарып тұрамын", - деді Әсел. 

Бағдарлама қонақтарының бірі Әселдің аралас некесін қолдаған жоқ. Қазақ қыздарының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуына қарсы шықты.

"Қазақ қыздары ұлттың тағдырына жауапты. Өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, оның ұрпағын көбейткендер қазақ па? Қазаққа не беріп жатыр? Қазаққа олардан қандай пайда? Қазақтың қанын бұзды. Оның баласы ешқашан қазақ болмайды. Қазақ қызын ешқашан өзге ұлтқа бермеген. Қазір ешкім тосқауыл болмайтын болған. Оған ата-ана да, аға-әпке де көз жұма қарайтын болған. Мен аралас неке дегенге мүлде қарсымын. Мүлде ақтауға келмейтін дүние", - деді айтыскер ақын Асхат Қылышбек.

Ал, журналист, актриса Перизат Алпыс керісінше Әселдің таңдауын қолдайды. 

"Әселдің бақытты екені көрініп тұр. Айрандай ұйып отыр. Отбасында ұрыс шықпайтынын айтады. Қазақ қыздары жүр қазақ күйеулерінен қорлық көріп, опасыздық көріп немесе көшеде жеңіл жүріске салынып. Одан осылай бақытты өмір кешкені жақсы емес пе? Қазақтың жігіттері талапшыл. Қыздар оған көнгісі келмейді. Өзге ұлт өкілдері сол үшін ұнайды", - дейді ол. 

Талқылау