Бақытгүл Хаменованың ісі сотқа жетті
Атырау облысы әкімінің орынбасары, мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің ісі де сотта қаралады.
"26 мамырда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты іс Атырау қаласы №2 сотының өндірісіне түсті. Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Пара алу) бойынша сотқа берілді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, "Б" ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі (Пара беру) бойынша қылмыстық іс те сотқа берілді.
Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілікті. Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасары ұсталғанда көңілі түскенін айтқан болатын. Ал осы істегі тағы бір күдікті – Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін мойындап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барған. Осыдан кейін Хаменованы ұстау үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тергеу тобы келіп, шенеунікті жұмыс орнынан тергеуге алып кеткен. Ол өз кінәсін мойындамаған.
Бақытгүл Хаменова 2017 жылдың көктемінде мәжіліс депутаты болып тұрған кезде әлеуметтік желіде танымал болды. Ол елордадағы Астана әуежайына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтты.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
