Бағлан Әбдірайымов “Жігіттер” тобынан кете ме?
Соңғы кездері қазақ эстрадасынан ойып тұрып орнын тапқан топтар тарай бастады. Атап айтсақ, “Нұр-Мұқасан”, “Меломен” топтарының тарауы тыңдарманның жүрегін құлазытты. Енді талай жыл сырлы да мағыналы әндерімен ел көңілін тапқан “Жігіттер” тобы тарауы мүмкін деген әңбіме ел арасында тарап кетті. Бұл қаншалықты рас?
Бұған жауапты топ продюсері Ерғали Әбдірайымов пен әншісі Бағлан Әбдірайымов “Астана” арнасының “Ел аузында” бағдарламасында берді.
Бағлан Әбдірайымов өзінің композитор ретінде шығарған алғашқы туындысына бейнебаян түсіріп жатыр. “Досқа сыр” деп аталатын әннің сөзің ақын Серік Сейтман жазған.
“Әнші болған соң өзіңнің идеяңды топпен емес, жеке де жүзеге асырғың келеді. Өйткені ол шығармашылық”, – деді әнші.
Сөз арасында Әбдірайымов бұл өмірде ештеңенің де мәңгі емес екенін, бір кездері топтан Еркін Нұржановтың да кеткенін айтып қалды. Бұл ретте әншінің ағасы әрі “Жігіттер” тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов өз ойын айтты.
“Болашақтың еншісіндегі дүние. Егер біреу кетемін десе, ешкім ешкімді зорлап ұстап тұра алмайды. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бірақ қанша бөлек шығып кеткеніңмен, еш уақытта «Жігіттер» тобындағыдай бола алмайсың. Себебі «Жігіттер» тобы – ол бренд, халықтың жүрегінен орын тапқан, қаншама хит әндері бар топ”, – деп мәлімдеді ол.
Сонымен, халықтың сүйіктісіне айналған топ тарап кете ме?
«Кешіріңіздер, “Жігіттер” тобынан кетемін деген ой мүлдем жоқ. Біз бала кезімізден бірге бастадық. Аштықты да, тоқтықты да бірге көріп келе жатырмыз. Бірге де тұрдық, әлі күнге дейін бір дастарханда бір нанды бөлісіп жеп жүрміз. Әніміз де, нанымыз да бір, отбасымыз да бір сияқты», – деп ел арасында тараған әңгіменің нүктесін қойды Бағлан Әбдірайымов.
Жіберіп алмаңыз:
Танымал нумеролог Қайрат Нұртастың жеке өмірі туралы айтып берді
Айсәуле Бақытбек “әкесінің тағдырына бей-жай қарайды” дегендерге жауап берді