Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Мусин АҚШ-та президентпен кездескен қазақстандық Digital Nomads жастары туралы айтты

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Instagram парақшасында АҚШ-та президентпен кездескен қазақстандық Digital Nomads жастары туралы жазды. 

Министр бүгінде Digital Nomads құрамында 400-ден аса дарынды IT мамандар бар екенін сөз етті. 

“Мұхит асып, АҚШ-қа іс сапармен келдік. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ жастарының басын қосқан Digital Nomads қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Қауымдастық әлемнің түкпір-түкпірінде алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіріп отыр. Атап өтерлігі, Digital Nomads біздің министрліктің бастамасы бойынша құрылған болатын. Бүгінде оның құрамында 400-ден астам IT-маман бар”, – деді Мусин. 

Сөзінше, кездесуге жер жаһаннан 30-дан астам IT-маман келді.

“IT-саласының өзекті мәселелері талқыланды, атап айтқанда, олардың қазақстандық мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектесуі, спорттық бағдарламалау және венчурлық инвестициялар бойынша жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтылды. Бұдан бөлек, Digital Nomads өкілдері шетелдік IT-материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосуда”, – деді министр.

Бұған қоса цифрлық даму министрі қазақстандық жастарға сенетінін жеткізді. 

“Ұйымдасқан ұтады” деген қанатты сөз бар! Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғарғы оқу орындарында білім алған Үнді елінің азаматтары, қазақ жастары сияқты өздерінің IT-мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компанияларда басшылық лауазымдарды иеленді. Қазіргі уақытта олар өз отандастарының стартаптарын қолдай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартуда. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің дамуына қол ұшын созғанын қалаймын”, – деп жазды министр.

Талқылау