Бағдат Әшімова: Асекең кереуетті ұрып, “балаларым, мені неге тастап кеттіңдер” деген кезде өзіме серт бердім

Бір кездері жұбайынан, артынша қос бірдей ұлынан айырылған Асанәлі Әшімов әбден қажып, өмірден түңіліп кетті. Ауруханаға түсті. Ал қалған өміріне сәулесін шашып, нұрын сепкен жұбайын сол емханадан кездестірді. Бағдат Әшімова Ұлттық арна түсірген деректі фильмде Асанәлі Әшімовтің өмірден түңілген сәттері жайлы айтып берді, деп жазады Stan.kz.

Бағдат Әшімова: Асекең кереуетті ұрып "балаларым, мені неге тастап кеттіңдер" деген кезде өзіме серт бердім

Асанәлі Әшімовтің алғашқы жары, шаңырағының ұйытқысы Майра 1993 жылы қайтыс болды.

“Сол сынақтан сүрінбей өтті. Қандай жағдайға ұшырап кетер екен деп қорықтық. Ең алдымен, Майра қайтыс болды. Оның артынша Мәди қайтыс болды. Екеуінің арасы 6 ғана ай. Сағи қайтыс болды. Ол қандай еді? Өздеріңіз білесіздер, кешегі Шоқанды ойнап, жарқырап жүрген Сағи қазақша айтсам, көз тиді ме білмеймін. Әйтеуір Алла Тағала жұлдыз етіп алып келді де, жасынан алып кетті”, – деп еске алады актердің қарындасы Амантай Серікқызы.

Ал бүгінде шаңырағының түтінін түтетіп отырған Бағдат Әшімова актердің өмірден түңіліп кеткен кезін көргенде өзіне серт бергенін айтады. Ол перзенттерінен айырылған әкені бақытты еткісі келген.

“Есімде, су алайын деп астына түсіп кеткенмін. Қайта көтеріліп келген кезде кереуеттің кернеуін ұрып: – Әттең, балаларым, мені неге жалғыз тастап кеттіңдер? – деген дауысты естідім. Сол минуттан бастап мен өзіме серт бердім. Бір минут, бір сәт қалдырмауға… Әрине, жүректегі жара жазылмайды ғой. Бірақ сол жараның ашылмауына қызмет етемін деп”, – дейді Әшімова.

2002 жылы халқы сүйген Асанәлі Әшімов әбден қажып, өмірден түңіліп, ауруханаға түскен. Қалған ғұмырына үміт отын жаққан бейнені ақсақал актер ақ халаттылардың арасынан жолықтырды.

“Таң ата қатты толғаныс, тебіреністің үстінде: – Әттең, Алаштың азаматы, елдің еркесі, басына осындай ауыртпалықтың түскенін-ай, бір бала қасында болғанда ғой. Менің қолымда болса, мен бұл кісіні бақытты етер едім, – деп өзімше қиялдадым”, – дейді Бағдат Әшімова.

Бүгінде Асанәлі және Бағдат Әшімовтердің ортақ ұлы 11 жаста. Оның да есімі Асанәлі. Атұстарына бұл есімді анасының өзі берген.

“Мен қойдым. Ұл бала екенін білгеннен кейін Асекеңе қолқа салдым. Әрине, түсінемін. Қазақта мұндай үрдіс жоқ. Өмірден жас кете ма, кәрі кете ма, бір Құдайдың қолында ғой. Осы баланың атын сіздің атыңызбен қойсақ?! Көзім жұмылғанша осы ат аталып тұрса екен, ізіңізді басса екен. Сіздей болмаса да, сіздің басқан ізіңізді жаңғыртып отырса екен деген менде тілек болды”, – дейді Бағдат Әшімова.

Бүгінде кішкентай Асанәлі әкесі сияқты актер болуды армандайды. Ол елімізде түсірілген “Томирис” фильмінің кастингіне қатысып, бағын сынап үлгерген де көрінеді.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр