Баға алты есе өскен: Монополияға қарсы агенттік дәрілік заттарды сараптау орталығын тексереді
Фото: pixabay.com
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды инспекциялау нарығындағы бәсекелестік жағдайына жүргізілген талдау жүргізіп, "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығын” тексеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талдау нәтижесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау жөніндегі мемлекеттік сараптамалық орталық монополиялық жағдайға ие екені анықталған. Бұл орталық елдегі осындай қызметтерді көрсететін жалғыз ұйым және нарықтың 100%-ына ие.
“Талдау барысында инспекциялау қызметтеріне арналған тарифтер орталықтың өзі тарапынан дербес түрде бекітілетіні белгілі болды. Бұл жағдай тарифтік саясаттың объективтілігіне кәсіпкерлер тарапынан күмән туғызып, бағалардың негізсіз қымбаттауына алып келу қаупін тудырады. Мәселен, жүргізілген талдау нәтижесінде бір инспекциялық қызмет тарифінің алты есе өскені анықталды. Бұл өз кезегінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың түпкілікті бағасына әсер етеді. Себебі өндірушілер мен жеткізушілер бұл ілеспе шығындарды шекті бағаларға енгізеді, ал бұл бағаларды кейін мемлекет пен халық төлейді”, – делінген агенттік хабарламасында.
Осыған байланысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын төмендету және халық үшін қолжетімді ету мақсатында, монополияға қарсы орган орталықтың үстем жағдайды теріс пайдалануына қатысты қызметіне тексеру жүргізеді.
“Сонымен қатар инспекциялық қызметтерді мемлекеттік монополияға жатқызу мәселесі қаралады. Бұл болашақта аталған қызметтерге тарифтерді реттеуге мүмкіндік береді”, – деп түйіндеді агенттіктің баспасөз қызметі.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
