Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

БАӘ Қазақстанның оңтүстігіне екі жел электр станциясын салмақ

Фото: iwp.edu

Дубайда Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктері үкіметі арасында жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды келісімге қол қойылды. Жобаны Мәжілісте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақкенженовтың айтуынша, келісімнің мақсаты Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері мен орнықты даму саласындағы жобаларды ілгерілету. Сол арқылы жаһандық жылынуға қарсы күресте елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру. 



Құжатқа сәйкес, Жамбыл облысында екі ірі жел электр станциясының құрылысы жүзеге асырылады. Олардың әрқайсысына 25 жылға тұрақты тариф белгіленеді.

Бірінші жобаға: 

  • энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі; 
  • қуаты 150 МВт және сыйымдылығы 300 МВт·сағ болатын аккумулятор батареялары (BESS) пайдаланылатын энергия сақтау жүйесі;
  • ұзындығы 125 км дейін және кернеуі 220 кВ болатын электр берудің әуе желілері кіреді.

Екінші ірі жобаға: 

  • энергетикалық қуаты 500 МВт болатын жел паркі;
  • қуаты 150 МВт және сыйымдылығы 300 МВт·сағ болатын аккумулятор батареялары (BESS) пайдаланылатын энергия сақтау жүйесі кіреді. 2 сағатқа белгіленген қуаттың 30 пайызы осы BESS-ке тиесілі болады.

Жел электр станцияларын салу жобалары Қазақстанның энергетикалық балансындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін айтарлықтай арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ көміртегі шығарындыларын азайту бастамасын қолдап, таза энергияға көшу бойынша жобаларды жүзеге асыруға үлес қосады.

Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын беріп үлгерді. Келісімді ратификациялау туралы заң жобасы одан әрі қарау үшін Сенатқа жіберілді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында 92 миллиард теңгеге жел электр станциясы салынатыны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 14:02
Талқылау