Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты

Ирандағы қазақтар

Фото: Видеодан скрин/tiktok.com/@azhar.kenzhe

Таяу Шығыстағы жағдай Иранда тұратын қазақтарды алаңдатып қойды. Иран азаматына тұрмысқа шыққан отандасымыз Ажар Кенже Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ондағы қазіргі жағдай мен этникалық қазақтардың хал-ахуалын айтып берді. Отандасымыздың айтуынша, Ирандағы қазақтардың елге қайтқысы жоқ. 

Бүгін Ирандағы соғыстың 41-інші күні. Ажар Кенже елде соғыстың әлі жалғасып жатқанын айтты. Десе де отандасымыз тұратын қалада жағдай бір қалыпты.

“Тегеран, Исфахан және Шираз сияқти үлкен қалаларға әлі де бомба түсіп жатыр. Жараланып, қаза тапқан адамдардың саны өте көп. Иранда соғысқа қатыспаған, соғыс болмаған қалалар да бар. Біздің және басқа қазақтар тұрып жатқан қалаларға соғыс әлі жеткен жоқ. Тек ұшқан ракеталарды көріп жатырмыз. Жарылып, қирап, бұзылған жерлер жоқ. Біз Тегераннан төрт жарым сағаттық жерде, Каспийдің жағасы, Мазендеран провинциясында тұрамыз. Бізден бес сағаттық жерде, яғни Бендер-Төркемен, Горган, Аққала қалаларында қазақ бауырларымыз тұрып жатыр. Ол жақ та, біз жақ та тыныш. Горган, Бендер-Төркемен жақтағы қазақтармен тек телефон, интернет арқылы байланыс ұстап отырмын. Жақында сөйлескенімде интернет жоқ, Иран сайттары ғана жұмыс істейтінін айтты. Басқа шетелдік сайттар қазір жабық”, – дейді Ажар.

Дегенмен соғыс басталғаннан кейін алғашқы үш күн әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тапшылығы болған.

“Азық-түліктен жұмыртқа, тауық еті, ұн сияқты тауарларды адамдар дүрлігіп, жаппай сатып алып үш күндей тапшы болып қалды. Қазір жағдай тұрақты, барлығы бар. Азық-түлік, су, жанармай – барлығы жеткілікті. Адамдар жұмыстарына оралып, қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Бірақ азық-түліктің бағаларында сәл өзгеріс бар”, – деді отандасымыз.

“Әуе кеңістігі жабылып, VPN-ге тыйым салынған”

Ажардың айтуынша, елде интернет пен байланыстың жоқтығы қиын болып тұр. Себебі шетелмен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жұмыстары тоқтап тұр дейді ол.

“Көбі банкротқа ұшырап жатыр. Тек VPN арқылы шетелдегілермен сөйлесе аламыз. WhatsApp, YouTube, TikTok, ешқайсысы істемейді. VPN-ді сатып алу керек. Ол жоқ дегенде 50 доллар тұрады. Оның өзін ұстауға рұқсат етілмеген. Біз оны кейде қосамыз, кейде өшіп тұрады. Ел ішінде және шетелге ұшақ ұшпайды. Теміржол желісінен хабар жоқ. Қоғамдық көліктер, такси қызметі мен метролар жұмыс істеп тұр”, – дейді Ажар.

“Ауруханалар мен университеттер бомбаланып жатыр”

Қазір Иранда тұрып жатқан қазақтардың саны шамамен 15 мыңдай. Оның 6 мыңға жуығы Қазақстаннан осында жұмысқа келіп, уақытша тұрып жатқандар, қалғаны – Иран тұрғындары. Ажар елшіліктің арқасында Горган қаласындағы қазақтармен байланысын үзбейотырғанын айтты.

“Тегеранда тұрып жатқан қазақтар да бар. Бірақ ол жақта жағдай өте қиын. Аурухана, мектеп, университеттер және барлық көзге көрінетін үлкен ғимараттар бомбаланып жатыр. Ол жерде қаза тапқан адамдардың да, зардап шеккендердің де саны белгісіз. Олардың ішінде қазақтар бар ма, жоқ па ол да белгісіз. Соғыс басталып жатқан кезде қазақстандықтардың Қазақстанға эвакуциялануы туралы естідік. Алайда қанша отандасымыздың елге оралып, қаншасы қалып қойғаны айтылмады. Өйткені мен негізінен парсы халқы орналасқан жерде тұрамын”, – деді отандасымыз.

“Ирандағы қазақтар Қазақстанға қоныс аударғысы келмейді”

Ажар Иранда тұратын қазақтардың әлеуметтік жағдайы жақсы екенін айтады. Бұл атамекенге оралмаудың бірден-бір себебі дейді.

“Бұл жақта оларды ешкім бөліп, шектемейді. Парсылар, қазақтар деп бөлмейді. Бәрі бірдей оқиды, жұмыс істеп, кәсіп жасауға жергілікті халықпен бірдей құқылы. Медицина саласындағы қызмет те сапалы. Мен көбіне Горган жақпен немесе Ақтаумен Қазақстанға ұшып келіп тұрамын. Сонда осындағы отандастарымыз Иранда тұрған ұнайтынын айтатын. Айтуларынша, табиғаты жақсы, өмір сүру қиын емес, барлығы қолжетімді. Қазақстанға барса тіл жағынан қиналып қалатынын, қазақстандықтар өздерін қазақ деп қабылдамайтынын айтқан”, – дейді Ажар Кенже.

Елдегі жағдай тұрақсыздау болса да кейіпкерімізге Иранда тұрған ұнайды. 

“Мұнда табиғи өнімдер, азық-түлік, киім-кешек, медициналық қызмет те қолжетімді. Мұнда несие жоқ. Болса да, кез келген адамға бермейді. Жергілікті халық қарызсыз, несиесіз өмір сүреді. Ірі кәсіппен айналысатындар ғана несие рәсімдей алады”, – дейді ол.

Осы тұста отандасымыз Ирандағы Қазақстан елшілігіне алғыс айтты. Соғыс басталған соң 3-4 күн байланыс болмай, Ажар бауырларымен хабарласа алмаған. Сонда ағайындары Ажарды елшілікке шығып, іздеген. Сөйтіп Қазақстан елшілігі бір сағаттың ішінде отандасымызға хабарласып, байланысқа шығуын сұраған. Елшіліктің жедел әрекетінің арқасында отбасыммен хабарластым дейді Ажар.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 12:04