Азия чемпионатында қазақ боксшылары аса ауыр салмақта төрт елдің атынан сынға түсіп жатыр

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада ерекше жағдай тіркелді. Аса ауыр салмақ +90 кг төрт қазақ боксшысы төрт түрлі елдің намысын қорғауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атап айтқанда, Қазақстан атынан Айбек Оралбай, Моңғолия сапынан Бекнұр Қали, Өзбекстан атынан Арман Маханов және Қытай құрамасынан Данабек Байқоныс өзара мықтыны анықтап жатыр.
1/8 финалда өзбекстандық Арман Маханов моңғолиялық Бекнұр Қалимен қолғап түйістірді. Тартысты жекпе-жекте IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Арман Маханов жеңіске жетті.
Енді Арман Маханов ширек финалда Айбек Оралбаймен кездесіп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Ал тағы бір ширек финалдық айқаста Қытай атынан өнер көрсететін Данабек Байқоныс тәжікстандық Мұхаммад Аброриддиновпен жұдырықтасады.
Айта кетейік, бұған дейін әйелдер құрамасынан 51 келіде Жазина Орақбаева, 54 келіде Элина Базарова және 60 келіде Римма Волосенко жарыс жолынан шығып қалған еді.
Ерлер арасында 60 келіде Оразбек Асылқұлов пен 65 келіде Ертуған Зейнуллинов ширек финалға жолдама алды.
"Ауа температурасы +8°C-тан жоғары болуы керек": Алматы әкімдігі не үшін жылуды өшірмей отырғанын айтты