Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әзірбайжанның Қазақстандағы елшілігі Қарабақ қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады

Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігі Таулы Қарабақ қақтығысы аймағында ұрыс қимылдарының күшеюіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әзірбайжандағы жағдайдың неден орын алғанын түсіндірген елшілік Арменияның мақсаты туралы айтып берді. Оған қоса, елшілік шекарада орналасқан аумақ үшін қақтығыс бастаған елдердің саяси бағытына тоқталды. 

"Арменияның мақсаты - басып алынған территориялардағы статус-квоны кез келген жолмен сақтап қалу, сондай-ақ өте күрделі әлеуметтік және экономикалық мәселелерден өз елінің тұрғындарының назарын бұру. Мұның бәрі Әзербайжанға қарсы кезекті арандатушылыққа дайындық кезеңі болды. Бұл жоспардың кезеңдерінің бірі Армения қарулы күштерінің Әзербайжан Республикасының Армения Республикасымен мемлекеттік шекарасында орналасқан Товуз ауданы бағытында 2020 жылдың 12-16 шілдесінде Әзербайжанның көлік және энергетикалық жолдарын бақылауға алу әрекеттері болды", - дейді Әзірбайжан елшілігі.

Сонымен қатар, елшілік Әзірбайжанның талаптарымен бөлісті. Қазіргі таңда қақтығыс Армения басып алған територияларды кері қайтару мақсатында жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта Әзербайжан Армиясы өз халқы мен мемлекетін қорғау, қауіп төндіретін әскери нысандарды бейтараптандыру және территориялық тұтастықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда. Әзербайжанның Арменияға ешқандай территориялық талаптары жоқ және Арменияның арандатушылық әрекетін жоятын шайқастар Әзербайжан Армиясының қарсы шабуылымен барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ-мен танылған Әзербайжан шекаралары шеңберінде, Армения басып алған территорияларда жүргізіліп жатыр", - деп жағдайды түсіндірді елшілік. 

Жексенбі күні Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі Армения Қарулы Күштері Қарабақтағы байланыс желісіндегі елді мекендерге оқ жаудырды деп мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар.

Еске салсақ, Армения Қарабақтағы оқиғаларға байланысты соғыс жағдайын жариялады. 

Талқылау