“Түрі шаршап тұр”: Желіде ШҚО-да орнатылған шырша жұрттың сынына қалды
Шығыс Қазақстан облысында Алтай қаласындағы орталық алаңға қойылған шыршаның түрі тұрғындардың ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: желі кадрларынан
Шыршаның видеосы желіде тарады.
"Шыршаның түрі біздің өмірімізге ұқсап шаршап тұр”, “Басшылық қандай болса, шыршалары да сондай”, “Әкім осындай сұлу шыршаны шын жүрегімен қойған ғой”, “Мазақ етіп тұрғандай”, “Мына алаңда тұру үшін басқа шыршалармен төбелесіп келген бе? ”, “Ең ерекше шырша бізде тұр”, “Азып-тозып, несиеге кіріп кеткен шырша-ау деймін”– деп пікір жаудырды жұртшылық.
Алтай ауданының әкімдігі жаңа жылдың басты символына қатысты жағдайға түсініктеме берді.
"Жаңа жылға арналған алаңда біз қала тұрғындары өз аумақтарынан кесіп әкетуді сұрайтын шыршаны орнатамыз. Бұл ескі ағаштар. Олар құлап, иесінің де, көршілерінің де ғимараттарына зақым келтіріп, сымдарды үзуі мүмкін. Жаңа жылдан кейін бұл пайдаланылған шырша кесіліп, отын ретінде иесіне қайтарылады. Бұл жолы да солай жасамақпыз. Жеке үйдің иесі Ольга Бедарева үйіндегі шыршаны кесу туралы әкімдікке өтініш білдірді. Иә, ол алаңға жеткізіліп жатқанда, кейбір бұтақтары зардап шеккен. Бірақ жұмысшылар басқа бұтақтарды бекітіп, ағашты жайнатып жіберді", - деп түсіндірді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.
Фото: Алтай қаласының әкімігінен
Алтай қаласының әкімі Игорь Оконешников те соңғы жылдары тұрғындардың үй аумақтарындағы шыршаны кесуді сұрайтынын растады.
Ал Ольга Бедарева мерекеден кейін шыршадан шыққан отынды алудан бас тартқан. Сондықтан олар мұқтаж отбасына береді.
"Жалпы, мынаны айтқым келеді, желіге бұл видеоларды салғандардың бірі де алаңға шығып шыршаны безендіруге қатыспады. Бізде бұл күні 30 градус аяз болды. Осындай суықта қызметкерлер бұл шыршаны сәндеп, қала тұрғындары үшін жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады. Қараңызшы, қандай әдемі болып шыққан!"- деді Жанна Асқарова.
@ivanvladimirovich118 #алтай#зыряновск#ёлка #2024 ♬ оригинальный звук - Vanek16kz