Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әзілкеш Нұрболхан Шарапов намазхандарды алаяқ деген Ринат Зайытов туралы ойын ашық айтты

Айтыскер ақын Ринат Заитовтың “Алаяқтардың 80 пайызы – намазхандар” деген пікіріне қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында қарсылық білдіргендердің бірі - Нұрболхан Шарапов болатын. Бұл Нұрболханның кезекті хайп жасау жолы ма, әлде расында айтар қарсылығы бар ма? Мән-жайды анықтау үшін тілшіміз экслюзив сұхбат алды.

©instagram.com/nnurbolkhann/rinat_zaitov_resmi

– “Белгісіз Батырлар” фильмінде сомдаған рөліңіз қандай болмақ?

– Бұл менің толықметражды фильмдегі алғашқы қадамым. Ойнаған рөлім - жоңғардың қонтайшысының оң қолы, күйеу баласы. Образыма келер болсақ, жағымсыз, ақша үшін бәріне баратын, жауыз, шапқыншылыққа бейім. 
Сіз ойнаған рөлдердің басым бөлігі осы фильмдегідей жүрген жерінен шөп шықпайтын, бәлеқор адамның бейнесі екен. Режиссерлер кімді қай образда байқады, үнемі сол сарынды рөл береді деген пікірге келісесіз бе?
 – Маған олай көрінбейді. Білмеймін, бұл жайлы ойланып көрмеппін. Себебі бұған дейін бір сериалда ғана ойнадым, қалғаны эпизодтар. 

– Киноға актер болып түсіп жүрсіз. Ал өзіңіз қашан кино түсіруіңіз мүмкін?

– Мен бұл саланы зерттеу үстіндемін. Кімде қандай кемшілік кетіп жатыр, қандай кино халыққа өтеді, қандай тақырып киноға арқау болады, бәрін түсініп барып, кино түсіремін. Әйтпесе “саған қаржылай қолдау білдірейік, кино түсіріп көр” дейтін инвесторлар өте көп. Сол үшін бәрін зерттеп бұл салаға келмесең, өте қиын.

– Instagram-да биліктегі мәселелерді жиі жариялап тұрасыз. Қоғамдық проблемаларды жиі жазасыз. Кейде қоқан-лоқы көрсеткен қоңыраулар түспей ме?
– Жоқ, бірде-бір рет қоңырау шалып, қысым көрсеткен емес. Мүмкін “мына жігіттің көкесі бар” деп ойлайтын шығар. 

– Ринат Заитовтың “Алаяқтардың 80 пайызы – намазхандар” деген сөзіне қатысты пікіріңіз қандай?
– Мен негізі ол сұхбатты толық көрмедім. Бірақ, Ринат ағамыздың сөзі бұрмаланып таралып кеткен сияқты. Менің ойымша ол кісі  “нақты намазхандар алаяқтық жасайды” деп емес, “алаяқтардың 80 пайызы дінді жамылып әрекет етеді” деп айтқысы келген. Тек ойын дұрыс жеткізе алмаған шығар.

– Болашақта депутат болуға ұсыныс түссе келісесіз бе?
– Дәл қазір оған дайын емеспін. Менің өнерде өзімнің миссиям бар. Сонымен айналысып жүре берейін. Бірақ, жылдар өте мүмкін келіп қалармын. Себебі ақыл тоқтатып, дамып, ел басқаратындай жағдайда бола алуым керек.

– Көп қалталы адамдар “Қазақстанның болашағы бұлынғыр” деп шетелге көшіп жүр. Сізде де балаларымның болашағы үшін деп басқа елге көшу туралы ой келмеді ме?
 – Ақшасы бар адам көше берсін. Өз еркі ғой. Патриоттық позицияны ұстап алып, ол дұрыс емес деп әркімге жеки алмаймын. Ақшаң тасып жатса, қайда барсаң да өзің білесің ғой. Шындығы сол: “қолына ақша ұстатсаң, кім-кімнің де көшкісі келеді”.

– Қазір бәрі психологқа барады. Көп ақша табу үшін блоктармен проработка жасау керек деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Өзім арнайы мамандардың көмегіне жүгініп көрген жоқпын. Адам “дамимын, өзіме өзім қараймын” десе өз еркінде. Ешкімге өзімнің өмірлік позицияммен жүруді айтуға хақым жоқ қой.

– Сөз соңында, Нұрболхан қандай әке қаншалықты бала тәрбиесіне көңіл бөліп үлгересіз?
– Үш қызым бар. Үлкен қызымнан кейін, егіз қызды болдым. Шыны керек, үйде жиі болмаймын. Қызымның үшке келгенін де енді түсініп жатырмын. Премьера болған күні әйелімнің туған күні, күні ертең үлкен қызым жаңа жасқа келеді. Енді уақыт тауып үй ішімізбен тойлағалы отырмыз. Анам үлкен той жасағанды ұната бермейді. Әйтпесе үйде көп болмаймын.

Талқылау