"Азарттың түбіне жеттім": Зерттеушілер әр төртінші қазақстандықтың құмар ойын құрығына түскенін мәлімдеді
Атыраудағы "Жаңа өмір" қолдау орталығының мамандары Қазақстанда әр төртінші азаматтың құмар ойынның құрығына түскенін мәлімдеді. Айтуларынша, қазір ел бойынша орта есеппен күн сайын төрт адам құмар ойынның кесірінен өз өздеріне қол жұмсайды екен. Лудоманияға шалдыққандардың арасында ер азаматтардан бөлек қыз-келіншектер де бар екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Атыраулық Тимур Рамазанов құмар ойынның құрығына студент кезінде түскен. Сөзінше, бастапқыда қызық үшін 500 теңгеге бәс тігіп көрген. Бірақ кейін шырмаудан шыға алмай, тапқан табысының тең жартысын құмар ойынға жұмсай бастапты. Осылайша 8 жылдың ішінде лудоманияның кесірінен дос-жаран, туған-туыстарынан алыстағанын айтып отыр. Себебі бәске тігетін ақша таппай, жақындарын бопсалай бастаған. Уақыт өте Тимур өзін қолға алып, дер кезінде емделген екен.
“Қызық үшін бастадым, өкінішке қарай көптеген қаржылай проблемаға әкелді. Азарттың түбіне жеттім деуге болады. Мақсатым жеңіл жолмен ақша тапқым келді, ешкімге тәуелді болғым келмеді. Қатты қиналдым, көбі менен алшақтап кетті. Кейін оңалту орталығына барып, сонда үш айдай емделдім. Өте қиын процесс болды. Қазір қалыпты өмір сүріп жатырмын. Жұмыс істеп, өзімнің бастан кешкенімді өзгелер сезінбесін дегім келеді”, – деді Тимур Рамазанов.
Қазір Атырауда лудоманияға шалдыққандарды оңалтатын "Жаңа Өмір" қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда күніне он шақты адам келеді. Дені 30-35 жас аралығында азаматтар екен. Ең сорақысы, ойын құмарлыққа салынғандардың қатарында қыздар да бар екен. Орталық басшысы мұны қоғам үшін алаңдатарлық жағдай деп отыр. Мамандардың айтуынша, лудомандарды оңалту оңай емес.
“Көбі адамның өзіне байланысты. Әртүрлі жастағылар келеді. Аптасына екі рет тренингтер жүргіземіз. Көбі соңғы межеге жеткенде, тірелгенде келіп жатады. Жалпы бұл дабыл қағарлық жағдай. Себебі әйел де, еркек те ойынға әуес болып бара жатыр. Жалпы Қазақстанда осы ойынның кесірінен 3000-нан аса адам өзіне-өзі қол жұмсаған екен”, – деп мәлімдеді "ЖАҢА ӨМІР" қолдау орталығының басшысы Нұртас Нұрғали.