Азаппен өлтірілген 11 жасар Өркеннің анасы: Қылмыскерлер екі дүниеде де тыныштық таппасын
Азаппен өлтірілген Өркен Азаматұлының туған анасы алғаш рет ұлының өліміне қатысты мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Айжан Қадырмолданова өзінің Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырып, болған жағдайдың себебін түсіндірді. Ұлынан айырылған ананың ендігі бар тілегі – қылмыскерлер лайықты жазасын алса…
Назарларыңызға Өркеннің анасының қазақстандықтарға жолдаған хатын ұсынамыз.
«Сәлеметсіздер ме, құрметті қазақстандықтар! Екі ай бұрын мен өмірімдегі ең қымбат адамымды жоғалттым. Ұлымнан айырылдым. Менің жүрегімді жұлып алып, кішкентай бөліктерге бөліп тастады. Барлық әлеуметтік желілерде Өркеннің анасының қайда екенін сұрағандар көп болғанын білемін. Қаншалықты қиын соқса да, жазуға бел будым.
Әкесі екеуміз Өркен небәрі бір жастан асқаннан кейін ажырастық. Ұлымды тәрбиелеуге ата-анам қолғабыс етті. Сәбиімді жетілдіру үшін талмай жұмыс істедім, әкесі ешқандай алимент төлеген жоқ.
Ұлым үшін әкесінің сатқындығы мен оған деген өкпемді ұмыттым. Кішкентай баланың жүрегінде әкесіне деген ыза, өшпенділік болғанын қаламадым. Сондықтан олардың араласуына қарсы тұрмадым. Ол өзін шеттетілген бала сезінбесе дедім. Ажырасып кетсек те, екеуміздің де оны жақсы көретінімізді үнемі айтып жүрдім.
Әкесі біз ажырасқаннан кейін тез арада екінші рет шаңырақ көтерді. Ол оның таңдауы еді. Арада жылдар өтті, ұлым өсіп қалды, жасы 8-ге келді. Мен Өркен екеуміз үшін ең маңызды болған адамды, яғни әкемді жер қойнына тапсырдым. Арада жеті жыл өткен соң, ұзақ ойланып мен екінші рет тұрмыс құрдым.
Екінші рет тұрмысқа шыққанда бойыңды үрей билейді. Ең бастысы, таңдаған жарың сенің балаңа қалай қарайды деп ойлайсың. Тұрмысқа шыққан соң қиын кезең басталды. Оның барлығын тізіп айта алмаймын. Бірақ бастысы жолдасымның Өркенді бірден қабылдағанын мәлімдеймін. Олар өзара дос болып кетті. Тіпті, ұлым оны әке деп атайтын.
Менің аяғым ауырлап, екінші сәбиімді күтіп жүрдім. Алайда барлығы оңай болған жоқ. Қиындықтар тұрақты үй мен жұмыс болмағандықтан туындады. Күйеуімнің жұмысына байланысты біз қаладан қалаға жиі көшіп кеттік. Нәрестелі болғандықтан мен жұмыс істемедім. Осы жерде Өркеннің оқуы жайында мәселе қозғалды. Сол сәтте Өркеннің әжесінен көмек сұрадым. Ұлым үнемі әжесімен тілдесіп, онымен кездесіп тұратындықтан, біз ол үшін ең үздік адам таптық деп ойладық. Мен бір жерге тұрақталмайынша Өркен әжесінің қолында болады деп келістік. Ұлым жақын адамдарының қолында болғандықтан, ол үшін уайымдаған жоқ едім.
Өркен демалыс күндерін менімен өткізетін. Қай ана баласынан жырақта өмір сүре алсын? Маған қатты ауыр тиді. Бірақ өмірдің өзі солай. Ақырында оны өзіме алып кететін сәт туды. Тек мектептегі демалыс сәтін күтіп жүргенбіз.
Ұлымды соңғы рет жаңа жылдық демалыста көріп құшақтағанмын. Оған: «Жаным менің, кішкене шыдашы. Жақында көктем шығады, үйімізді соғып бітірейік, сосын сені біржола алып кетемін. Біз ақыры бірге боламыз», – дедім.
Сол кезде ұлымды соңғы рет құшақтағанымды, тағдыр мені одан айыратыны, бұл көктемнің келмейтінін білмедім. Мен үшін енді ешқашан көктем шықпайды. Ата-анасының күнәсін балалары арқалаған кезде жаның ауырады екен, неткен әділетсіздік. Ал өз перзентінің тірегі, қорғаны болған адамның өз ұлының өліміне себепші болуы тіптен жаныңды жаралайды. Балам әкесінің жүрісінің құрбанына айналды.
Ол туғалы періште еді. Ең жарқын, ең мейірімді бала еді. Білместікпен, оны өлімнің қолына тапсырғаным үшін қиналып отырмын. Әкесімен тығыз байланыста болуы маңызды деп ойлаушы едім. Ешқашан онымен араласуы зиян тигізеді дегенді ойға алмаппын. Бірақ сұм тағдыр барлығын біз үшін шешіп қойды. Хайуандықпен жасалған бұл қылмысты ақтауға болмайды. Мен ұлыммен бірге өлдім. Мен үшін ешқашан көктем келмейді. Баламды азаптап өлтіргендер заң жүзінде лайықты жазасын алса деймін. Сол үшін өзімді барынша ұстап жүрмін.
Әр секунд сайын Алладан қылмысты жасағандар екі дүниеде де тыныштық таппасын деп тілеймін. Алла менің тілегімді қабыл етеді деп сенемін. Енді маған өмірімнің соңына дейін тыныштық жоқ. Ұлымды әжесіне сеніп тапсырғаным үшін өзімді ешқашан кешірмеймін. Бейқамдығым үшін жазамды алдым. Мұның бәрін өзімді ақтау мақсатында жазып отырған жоқпын. Бар болғаны тағдыры менікіне ұқсас адамдар менің қателігімді қайталамаса деймін. Өмірді алдын ала болжап біле алмайсың. Қай жерден сүрінетініңді білмейсің. Менің өмірімде енді ештеңе түзелмейді, жара да жазылмас. Тек өз тәжірибемнен айтарым: «Әр сәтті бағалаңыздар. Оны қажетсіз ұрыс-керіске, ренішке жұмсамаңыздар. Балаңыздың әр минутын бағалап, оны бақытпен толтырыңыздар. Өйткені әр сәт – соңғы», – дейді Өркеннің анасы.
Жіберіп алмаңыз:
Шудың екі тұрғыны карта ойнағандары үшін жарты миллион айыппұл төлемек
Терроризмді насихаттап түрмеге отырған алматылық бұрынғы діни ұстаздарымен соттаспақ