Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың еңбекақысы көтеріліп, қаржылық жүктеме азайтылады

Фото: freepik.com

Премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен отырыста үкімет халықтың табысын арттыру және қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған жаңа кешенді шараларды әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Азаматтардың табысы экономиканың жалпы өсу қарқынына ілесе алмай отыр. Қазір еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31%-ға тең. Орталық Азия елдері үшін салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш болғанымен, биліктің мақсаты оны әлемдік орташа деңгейге, яғни 41%-дан жоғары көтеру болып отыр. Сонымен қатар жалақының өсуі бизнес кірісінің, оның ішінде мемлекеттік қолдау арқылы және өз күшімен алынатын табыстың арту қарқынынан қалып келеді.

"Осыған орай үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеп жатыр. Соның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделіп отыр. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысының өсуі болып саналады. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал етеді.

"Цифрландыру мәселелеріне назар аударылды. Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылы аясында Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың барлық салаларына озық технологиялар мен ЖИ енгізу және цифрлық мемлекет құру міндеті қойылды. Алайда бұл бағытта жүзеге асыру жұмыстары тиісті деңгейге жеткен жоқ. Экономиканың нақты секторында цифрландыру процестері әлі де бастапқы сатыда. Осы күнге дейін салалық деректер қорлары толық қалыптаспай отыр", – деді үкімет басшысы.

Осы және басқа да мәселелердің барлығы үкімет әзірлеген "Digital Qazaqstan" стратегиясында өз шешімін табуға тиіс. Ол барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіреді.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда желтоқсанда қай мамандық иелеріне жоғары жалақы ұсынылғанын жазған едік. 2025 жылғы желтоқсанда Enbek.kz онлайн еңбек биржасында жұмыс күшіне сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып түсті. Жұмыс берушілер 109,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 71,5 мың түйіндеме орналастырған. Қараша айымен салыстырғанда бос орындар саны артқанымен, түйіндемелер саны шамамен 30 пайызға азайған. Ең көп бос жұмыс орындары білім беру, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында тіркелді. Сонымен қатар денсаулық сақтау, өндіріс, сауда және құрылыс салаларында да кадрларға сұраныс жоғары болды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 11:08