Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аза тұту күні – көзбояушылық": Танымал продюсер билікті сынға алды

Қазақстанда аза тұту күнін белгілеу – биліктің саяси қателігін жасырудың жолы! Танымал продюсер пандемиядан көз жұмғандарға арналған қаралы күнге қатысты өткір пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

перизат

13 шілде – Қазақстанда ұлттық аза тұту күні. Таяуда телевизиялық үндеу жолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан көз жұмған жандардың жақындарына көңіл айтып, қаралы күнді белгілеген еді. Алайда, басшылықтың бұл әрекеті көптің көңілінен шықпады, президенттің шешімін көзбояушылыққа балағандар да табылды. Солардың бірі – Перизат Мырзахмет. Танымал продюсер инстаграмдағы соңғы постында бүгінгі биліктің саяси ұстанымына сыни пікір білдірген.    

"Жақындарынан айрылған қандастарыма қайғырып көңіл айтамын. Бірақ аза тұту күні - көзбояушылық деп санаймын. Қазақ аты жаманнан өліп жатқан жоқ. Қазақ жемқорлық, ашкөздік және сауатсыздықтан өліп жатыр. Бұл күн - биліктің артын жабуға әрекет қана. Күлімсі иіс шығатын көлгірсу. Ойларына келгенін істеп, жейтінін жеп, тығатынын тыққан соң итке сүйек лақтырғандай халықты алдаусырату.

Қай кезден өзін өзі сүйреген халық. Аштықта да, соғыста да, ауруда да... Халын сұрамайды, қамын ойламайды. Ешкім. Өздері ауырады, өздері өледі, өздерін жұбатады. Биліктің бар тапқан креативі - өтірік роликтер, өтірік есептер, өтірік тексерулер, түсініксіз жолдаулар. Өздерінің топырлаған стратегиялық, саяси қателерін өтірік аза тұту күнімен көлегейлейді. Бүйтіп ырбимай еркекше кешірім сұраңдар. Иілген басты қылыш кеспейді", - дейді Перизат Мырзахмет. 

Танымал продюсердің бұл постына оқырмандары санаулы сағаттың ішінде үш жүзге жуық жазба қалдырған. Басым бөлігі Перизаттың ойымен келісетінін айтса, кейбірі билікке өткір пікір білдірген автордың өміріне алаңдаушылық танытқан. 

"Не деген мықтылық? Осындай посттан кейін өміріңіз үшін алаңдамайсыз ба?", "Тура осылай айтатын жоғарыда бір адамның болмағаны-ай", "Иә, сенуден қалдық. Отшашудың "шоғын" суыту үшін болып жатқан сияқты. Бәрі маска!" - деді әлеуметтік желі қолданушылары. 

Қазіргі таңда Қазақстанда аты жаман ауруға шалдыққандардың саны күрт өсуде. Соңғы статистикаға сүйенсек, біздің елде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 60 мыңға жуықтап, көз жұмғандар саны 111 жетті. 

Талқылау