Аю ұшу-қону жолағына тұрып алғандықтан Жапония әуежайында рейстер тоқтады
Фото: Видеодан скрин
Жапонияның Ямагата әуежайында ұшып-қону жолағында жүгіріп жүрген аюдың кесірінен барлық рейстер тоқтатылып, әуежай бір күнге жабылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Бейсенбі күні қара аю солтүстік Жапониядағы Ямагата әуежайының аймағында жүгіріп жүріп, рейстердің кешігуіне және ұшып-қону жолағының жабылуына себеп болды.
Қызметкерлер аюды көлікпен қууға тырысып, ұшу-қону жолағын жауып тастады. Алайда жыртқыш алысқа ұзамай, жақын маңда жүрген екен.
"Қазіргі жағдайды ескере отырып, бізге келетін ұшақтарды қабылдай алмаймыз", – деді AFP агенттігіне Ямагата әуежайының өкілі Акира Нагаи. Оның айтуынша, ұшу-қону жолағы екінші рет жабылғандықтан, 12 рейс тоқтап қалған.
Аюды ұстау үшін аңшылар арнайы тұзақтар орнатты. Ал полиция қызметкерлері жыртқыш қашып кетпеу үшін әуежайды қоршауға алды.
"Қазір тығырыққа тірелдік", – деді Нагаи.
Жапонияда адамдар мен аюлар жиі кездесіп қалатын болған. Тіпті бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен. Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылдың сәуіріне дейін бір жыл ішінде
елде аюлардың 213 мәрте шабуыл жасағаны тіркелген. Оның алтауы адам өлімімен аяқталған.
Ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі – азық қоры мен қысқы ұйқы режимінің бұзылуына әсер етіп, сондай-ақ халықтың қартаюымен байланысты популяцияның азаюы – аюлардың қалаларға жиі кіруіне себеп болып отыр.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
